Мемлекет басшысы БАӘ инвестициялар министрімен келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ инвестициялар министрі Мұхаммед әл-Сувейдимен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің инвестициялар министрі, ADQ холдингінің басқарушы директоры Мұхаммед әл-Сувейдимен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед әл-Сувейди екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамуына көңілі толатынын айтып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысы конференция аясында Қазақстан мен ADQ және оның еншілес компаниялары арасында қол қойылған келісімдерді жоғары бағалады. Сонымен қатар екіжақты байланыстардың қазіргі динамикасын сақтауға дайын екенін мәлімдеді.