Алматы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қаза болғандардың денесін тасымалдауға көмектеседі.
Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша әкімдік қаза болғандардың денесін туған жеріне тасымалдауға жәрдемдеседі. Бұдан басқа, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға көмектеседі, — делінген хабарламада.
Жерлеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша қаза болғандардың туыстары мына байланыс нөмірлеріне жүгіне алады: + 7 707 779 07 08, +7 777 312 08 08.
Алматы әкімдігі өрт салдарынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 30 қараша күні таңертең Алматыда болған өрт салдарынан 13 адам қаза болды, екеуі ауруханаға жеткізілді.
59 адам шұғыл эвакуацияланды. 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Мұндағы тұрғындардың дені — шет мемлекеттердің азаматтары.
Өртке қатысты қылмыстық іс тіркелді.