Қазақстан Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек жібереді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек береді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған мәселе ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен үкіметтік комиссия отырысында талқыланды.

Гуманитарлық көмекке жалпы салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді. Жүктер жақын арада әуе көлігі арқылы жөнелтіледі.

Қазақстанның қолдауы Газа секторында болған гуманитарлық апатты жағдайға байланысты Палестинаға көмек беруге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Палестина халқына $1 миллион көлемінде гуманитарлық көмек берген болатын.