Ақтөбе облысындағы ауданда мал қырылып жатыр

Ақтөбе облысында ірі қарадан қарасан індеті шығып, бір ауылда карантин жарияланды. Тоқмансай ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде мал қырылып жатыр. 

Бұл туралы КТК хабарлады. 

Алға ауданы Тоқмансай ауылындағы фермадан малды далаға шығаруға және жем-шөп тасуға тыйым салды. Мұндағы сиырлар үш-төрт күн бұрын ауыздарынан су ағып, іштері ісіп құлай бастаған. Алғашқыда ветеринар мамандар малдарды уланған болар деп топшылаған. Зертханалық зерттеуден соң ғана сиырларға қарасан тигенін анықтаған. 

Бұл індет жұққан мал өліп тынады. Етін жеуге болмайды. Бір ай бұрын Ойыл ауданында да шаруа қожалығынан қарасан ауруы анықталып, карантинге жабылған еді. Шешім шығарылып, карантин енгізілгеннен бұл шаруашылықтан мал, жем-шөп, ауылшаруашылығы өнімдері шықпау керек, басқа жақтан келмеу керек, — деді Ақтөбе облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов.