Qalan жобасы: Бизнес және ғылым бірлескенде ғана технократ жастар көбейеді

Астанада ҚР президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы  мен Qalan халықаралық білім беру платформасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Мемлекеттік ғылым ордасы мен бизнес өкілдері ынтамақтастық аясында ғылымды қолдауға және бірлесе дамытуға уағдаласты. Дәлірек айтқанда, ғылыми-көпшілік кітап, журналдарды бірлесіп әзірлеу мен басып шығару, онлайн-контент жасау, сонымен қатар Қазақстанда ғылымды дамыту және  көпшілікке насихаттау. Тағы бір мақсаты – жас ғалымдарды қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру.

Осы бағытта жүзеге асырылған алғашқы жоба — «Әл-Жәбрдің атасы» ғылыми-танымдық журналдың жарыққа шығуы. Журнал белгілі-математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтің идеясымен, ҚР Ұлттық ғылым академиясы қолдауымен және Qalan жобасының қаржыландыруымен жарық көрді.

Qalan  жобасы
Фото: Азиз Қалбаев

Басылым Алматы және Астана қауымдастығына ресми түрде таныстырылды. Журналға ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР парламент депутаты Асхат Аймағамбетов, президенттің баспасөз-хатшысы Берік Уәли, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Бекет Қабиденұлы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ғазиза Нұрғалиева, әліппе оқу-бағдарламасының авторы Бижан Игенбаева, сонымен бірге белгілі журналистер мен қоғам белсенділері жылы лебізін білдірді.

«Ағартушылық функциясы бар журнал»

Мәселен, мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли:  «Ғылым мен білімді насихаттайтын «Әл-Жәбрдің атасы» атты балғын балдырғандарға арналған журналдың оқырмандарға жол тартқаны қуантып отыр. Бұл басылымның жарыққа шығуы халқымыздың ғылыми әлеуеттін арттыруға бағытталған ізгі шаралардың бірі болмақ, — деді.

Асхат Аймағамбетов
Фото: Азиз Қалбаев

Ал, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов: «Осы журналдың шығуының үлкен ағартушылық функциясы бар. Балалар ғылымға бірден өз бетінше келе салмайды, оларды біз қызықтырып, балалардың ғылымға деген ерекше сезімдерін оятуымыз керек. Балалар осындай жеңіл тілмен жазылған, визуалы әдемі журналдарды жақсы көреді. «Юный техниктің» жазылушылары бір миллион, «Юный натуралист» тиражы 3,5 миллион болды. «Әл-Жәбрдің атасы да» осындай журналдардың бірі болады деп мен сенемін, — деген сенім білдірді.

Алғашқы тиражы 2 500 дана болып шығарылған «Әл-Жәбірдің атасы»  басылымына деген сұраныс күн санап көбейіп отыр. Жаңа басылымның тақырыптары да өте тартымды. Журналдың мән-мазмұнын аша түсетін «Ұлы тұлғалар», «Ғылым қазығы», «Тісбасар», «Маман бол», «Қатені тап» және басқа қызықты айдарлар бар. Журнал қазақ тілінің ғылыми терминологиясына да үлес қоспақ. Бас редактор Асқар Жұмаділдаев көнерген сөздерді қайта тірілтудің жолы оларды жаңаша мағынада қолдану деп есептейді. Мәселен, оқушылар олимпиадасын жасына қарай «тайжарыс», «құнанжарыс» деп атауға болады дейді журналдың бас редакторы. Басылымда тек математика ғана емес, тіл мен мәдениетке қатысты материалдар да ұсынылған. Егер журнал көпшіліктің қолдауына ие болса, химия, биология және басқа ғылым салалары бойынша осындай ғылыми-танымдық басылымдар шығарылады.

Қалан, Qalan.kz
Фото: Азиз Қалбаев

«Біз қазақ тілін ғылымға, техникаға бейімдеуіміз керек»

Журналдың «Әл-Жәбрдің атасы» атану себебі, алгебраның атасы Мұхаммед әл-Хорезми деген кісінің «Әл Жәбр»деген еңбегі болған. Әл Хорезми — Арал теңізінің бойында туған, әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан ойшыл,  Иран мен Тұран ғана емес бүкіл әлемге ортақ тұлға. Алгоритм ұғымының негізін қалаған ғалым, ал алгоритмде  – қолыңыздағы смартфон, компьютер, ақпараттық технология мен Big Data ұғымына дейін негізделген. Орта Азиядан шығып, әлемдік өркениеттің басында тұрған ғалымның атын алу біз үшін үлкен мәртебе.  Біз қазақ тілін ғылымға, техникаға бейімдеуіміз керек, – деді журналдың бас редакторы, ҚР президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев.

Асқар Жұмаділдаев ғылыми-танымдық балаларға арналған журнал шығару идеясын он жыл бойы айтып, бірталай пәрмені бар шенеуніктерге ұсынғанын жасырмады. Тек Qalan  жобасы ғана ғалымның идеясын ә дегеннен қолдап, журналдың жарыққа шығуына мұрындық болған.

2018 жылы Qalan жобасын жүзеге асырар алдында ағамыздың алдына барып ақ батасын алған едік. Бес жыл ішінде ТМД нарығына шығып, бірталай жетістікке жеттік. Ағаның келесі тапсырмасы осы журнал болды. Бүгін де ол тапсырманың бастамасын көріп отырсыздар. Журналды ары қарай жүйелі шығарып тұру бізге берілген аманат пен жауапкершілік. Журналды ары қарай жүйелі шығарып тұру бізге берілген аманат пен жауапкершілік. Бұл бизнес пен ғылым академиясы бірлесіп жүзеге асырып отырған жоба. Болашақта бизнес пен ғылым осылай өзара интеграцияланып, технократ жастарымыздың көбеюіне ықпал етеді деп сенемін, — деді Qalan жобасының өкілдері.

Фото: Азиз Қалбаев

«Әл-Жәбрдің атасы» — бизнес пен ғылымның жүзеге асырған алғашқы және сәтті жүзеге асқан жоба. Игі іс әрі қарай да жалғасын табады.

Qalan жобасы құраған кіші ғылым академиясы атынан республиканың түкпір-түкпіріндегі балаларға 100 грант берілді. Бұл грантты жеңіп алған жеткіншектер олимпиадалық деңгейдегі есептерді шығарып, халықаралық жарыстарға қатысуға дайындала  алады. Сонымен қатар Qalan жобасы бизнес ретінде жас ғалымдарға қаржылай қолдау көрсету жағын да қолға алғалы отыр.

Айта кетейік, журналдың жарыққа шығуына Qalan халықаралық білім платформасы қаржылай қолдау көрсеткен.  Бұл платформа – математиканы IT технологиясы және педагогиканың көмегімен оқытатын қазақстандық онлайн-тренажер, математиканы қашықтан оқыту бойынша нарық көшбасшысына айналған жоба. Платформада 340 мыңнан астам қолданушы бар, оның 12,7 мыңға жуығы персоналды оқыту әдісімен білім алып жатыр. Атауы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» деген өлең жолдарынан алынған. Математика арқылы әр балада мықты білім іргетасын қалауға ықпал ету деген миссиямен жұмыс істейді. 2022 жылы платформадағы есептерді орыс тіліне аударылып, ТМД аясында сатыла бастады. Биыл Ресей Федерациясында (Татарстан, Башқұртстан), Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде ашылды.   Qalan.kz Орталық Азиядағы ірі халықаралық технопарк «Astana Hub» резиденті.

Автор: Айжан Қалиева