Сарыағаш ауданының аумағында заңсыз көші-қон ұйымдастырумен айналысқан топ ұсталды

Шекаралық өңір саналатын Түркістан облысына нәпақа іздеп келген шетелдіктердің қарасы қалың. Олардың дені көршілес Өзбекстан азаматтары. Оңтүстікте мигранттардың жалдамалы жұмысшы ретінде құрылыс жұмыстарын жүргізеді, ауыл шаруашылығымен айналысады. Бірақ шекара асып келген шетел азаматтары көбіне заңды айналып өтіп, тиісті талаптарға бағынғысы келмейтіні жасырын емес. Соңғы кездері құзырлы органдар осы келеңсіздікке қарсы күресті күшейтті.

Отырар аудандық сотында заңды аттап өтіп, талаптарға мойынұсынғысы келмеген Өзбекстанның 15 азаматына қатысты әкімшілік іс қаралды. Сотта анықталғандай, Өзбекстан азаматтары мамыр айында Қазақстан аумағына жеке мақсатпен келіп, тиісті рұқсатты алмай, Отырар ауданы Көксарай ауылындағы үйлердің бірінде қауын артушы болып еңбек еткен.

Сот отырысында олар кінәларын мойындап, Қазақстан аумағына жеке сапармен келгендерін, жүк артушы ретінде еңбек еткендерін және төлем қабілеттерінің жоқ екендіктерін айтқан. Түркістан облыстық сотының хабарлауынша, Қазақстан Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларының» 7-тармағының талабына сай халықтың көші-қон саласындағы заңнамасында және Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жергілікті атқарушы ішкі істер органдары берген тиісті рұқсаттарсыз Қазақстанда уақытша келушілердің еңбек қызметін жүзеге асыруына жол берілмейді.

Сот қаулысымен алты азамат Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, олар 1 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды. Мұндай жалдамалы келімсектердің арғы жағында шетелден келетін арзан жұмыс күшінен жұмысшылар бригадасын құрған өз азаматтарымыздың тұрғанын аңғару қиын емес. Тіпті, шетелдіктердің күшін заңсыз пайдаланатын, олардың заңсыз көші-қонын ұйымдастыратын топтардың бары да белгілі. Мәселен, жуырда облыстық Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызмет керлері Сарыағаш ауданының аумағында заңсыз көші-қон ұйымдастырумен айналысқан адамның қылмыстық әрекеттерін тоқтатты.

Бұл туралы Полиция департаментінде өткен брифингте департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов айтып берді. – Жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар барысында полицейлер Өзбекстан азаматтарына мемлекеттік шекара арқылы заңсыз кіру және шығу үшін сыйақыға қызмет көрсеткен жергілікті тұрғынды анықтадық. Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде жедел уәкілдер Сарыағаш ауданының тұрғынын шекарадан кедергісіз өту бойынша қызмет көрсеткені үшін 130 мың теңге сомасында ақшалай қаражат алған сәтінде ұстады. Тінту кезінде күдіктіден 2,5 миллион теңгеге жуық ақша, 2 ұялы телефон мен құжаттар тәркіленді. Сонымен қатар, полицейлер тұрғынның жаздық үйін тексеру кезінде елде болу мерзімін бұзып жүрген Өзбекстанның 30 азаматын анықтады.

Қазіргі уақытта осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің «заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда, – деді Қ.Сахов. Облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтап, жолын кесуге бағытталған «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген болатын.

Жұмыс жүргізу барысында полицейлер Қазақстанға заңсыз келген адамдарды, заңсыз көші-қон фактілерін және құжаттарсыз еңбек қызметімен айналысатын шетелдіктерді, сондай-ақ заңсыз көші-қонға байланысты өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді анықтауға баса назар аударды. Тәртіп сақшылары Түркістан облысының аумағында жүргізілген кешенді 5 күндік рейд барысында көші-қон заңнамасын бұзған 355 адамды анықтады, оның 248-і шетелдік азамат. Заңсыздықтарға жол бермеу, заңсыз көші-қонды болдырмауға бағытталған мұндай іс-шаралар тәртіп сақшылары тарапынан тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.

Бекбол ҚАЛДЫБЕК
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ