Қазақ есімін әлемге паш еткен спортшының дүниеден озғанына 17 жыл толды. Алайда спортшы Бекзатты жұрт есінен шығарған емес.
Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Бекзат – әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлдің кенже баласы. Бала кезінде өте нәзік, аурушаң, әлжуаз болған Бекзаттан атағы жер жүзіне жайылатын даңқты боксшы шығады деп ешкім ойламаса керек. Оны ата-анасы өзін-өзі қорғап үйренсін деген оймен күрес үйірмесіне қатыстырады.
Бекзат – 18 жасында қажылыққа барған мұсылман. Ол өзінің қысқа ғұмырында 2000 жыл тек Сидней Олимпиадасындағы жеңісімен ерекшеленбейді. Спортшы Қырғызстанда өткен Орта Азия ойындарында, Испанияда жалауы желбірген халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріледі. Астана қаласындағы «Қазақстан-Куба» кездесуінде қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Чехияда өткен «Гран Приде» жеңімпазға берілер Кубокті қанжығасына байлайды. Мәскеудегі ТМД елдерінің біріншілігінде 4 жүлдемен қатар, сайыстың үздік боксшысы деген атақты еншілейді.
Сиднейдегі жеңісінен кейін, оған Нұрсұлтан Назарбаев І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Тарихта Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.