Айжан Мырзахметова: Құқықбұзушылықтардың алдын алу жолында қызмет етеміз

Арыс аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айжан Мырзахметова ішкі істер саласында 2004 жылдан бері қызмет етіп келеді.
– Арыс қаласындағы В.М.Комаров  атындағы орта мектепті бітірген соң, заңгер мамандығын алдым. Шенім   майор, жолдасым Дербесбеков   Бауыржанмен  бірге екі қыз, үш ұл тәрбиелеп отырмыз.
Отбасы – еліміздің басты құндылығы. Әрбір отбасының мүшесі, ондағы жасөспірім балалар – Отанымыздың болашағы. Сондықтан әр отбасыда тыныштық пен түсіністік, мейірім мен қамқорлық салтанат құруы керек. Өкініштісі, кейбір шаңырақта бұл мәселенің орны ойсырап тұр. Берекесі қашқан шаңырақтардың қоғамға да тигізер зияны орасан зор. Сондықтан біз әйелдерді зорлық-зомбылықтан арашалау, жеке құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау, оларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу жолында қызмет етеміз, – дейді Айжан.
«Бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас келеді. Ал, әр бақытсыз шаңырақтың өзіне тән қиындықтары бар» деген екен орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда бақытсыздығы мен қиындығы бір-біріне ұқсамайтын отбасылар көбейіп тұр.
– Қызғаныш, жұмыссыздық, құмар ойындарға берілу, маскүнемдік пен кейбір еркектердің масылдығы қоғамның дертіне айналған. Отбасыдағы зорлық-зомбылық әйелдің құқығын бұзып қана қоймайды. Бұл кикілжің сол отбасыдағы бүлдіршіндердің тәрбиесіне де кері әсерін тигізеді. Сондықтан да отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жолында құқықтық және практикалық шараларды іске асырып, оның себептерін кешенді түрде анықтап, тоқтатудың амалын жасаймыз, – дейді Айжан Мырзахметова.
Айжанның осы салада қызмет атқарып келе жатқанына жиырма жылға жуықтады. Ол содан бері талай тағдырлардың, оқыс оқиғалар мен жүрек сыздатар көріністердің куәсі болған.
– Өмірде түрлі оқиғалар кездеседі. Бірде, отбасылық жанжал үстінде өзін қорғау мақсатында күйеуін мерт қылған әйел қамауға алынды. Бір қарағанда сүйкімді, жап-жас келіншек. Ауыр қылмысты абайсызда жасаған. Сол әйел темір торға аттанып бара жатқанда «соңғы тілегім болсын, қызымды бір құшақтайыншы» деп өтініш жасады. Жаза мерзімі белгіленген соң бұл тілектің орындалуы мүмкін емес еді. Анасы мен қызы темір тордың екі жағында небәрі үш-төрт метр жерде қимастықпен қоштасты. Сотталушы этапқа мініп бара жатып: «Бақыт дегенің, бала-шағаңды еркін құшақтап, жанға жайлы шаңырағыңда, отбасыңмен шүйіркелесіп отыру ғана екен ғой» деп аһ ұрды. Қарап тұруға жүрегің шыдамайтын сол бір ауыр көрініс әліге дейін ойымнан кетпейді. Шынында қаншама адамдар нағыз бақыттың отбасынан басталатынын түсінбейді, – дейді Айжан.
Соңғы уақытта Арыс  қаласында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолында түрлі жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, таяуда АПБ жеке құрамы, сот, прокуратура органдарының  өкілдері,  жергілікті  атқарушы органдардың  өкілдері, білім  беру органдарының  өкілдері, денсаулық  сақтау  органдарының   өкілдері, үкіметтік  емес  ұйымдар  мен БАҚ өкілдері біріге отырып, «Отбасыдағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясын өткізді.
Әр кезеңдерде телеарна мен газеттерде, әлеуметтік желілерде «Зорлық-зомбылық  көргенде   әйелдер  қайда  жүгінеді?», «Зорлық-зомбылықтың алдын алу аспектілері  мен  өзекті мәселелері», «Отбасы  құндылығы немесе отбасы  бақыты хақында», «Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныштық  шырақшысы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық: әйелдерді  кім  қорғайды?», «Отбасы-дағы  зорлық-зомбылық  әйелдердің  құқықтары мен заңды мүдделері  қорғалуы  тиіс» атты  мақалалар  жарық  көрді.
Қала айналасындағы үлкен жолдардың бойына «Ата-ана – отбасының бастапқы  дәнекері, ең бастапқы алтын діңгегі!», «Отбасыдағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан», «Зорлық-зомбылықсыз отбасы – бақыт мекені», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты баннерлер ілінді.
Халыққа түрлі буклеттер, жаднамалар таратылып, «Әлеуметтік психологиялық   сүйемелдеу  қызметі» орталығының қызметкерлерімен  бірге   профилактикалық  жұмыстар, дәрістер, семинарлар, тренингтер жүргізілді.
Кәсіпорындар мен түрлі мекемелерде, мектептерде, мемлекеттік ұйымдарда отбасылық құңдылықтарды насихаттау, сондай- ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу жөніндегі қоғамдық іс-шаралар  өткізілді.
Әлбетте, бұл атқарылып жатқан жұмыстар өз пайдасын тигізіп те жатыр. Әйтсе де, қоғамда көңіл сыздатар көріністер жетіп артылады. Сондықтан майор Мырзахметова кейбір отбасының татулығын сақтау үшін құтқарушы, психолог, заңгер, медиатор, мотиватор да бола біледі. Қоғамның тыныштығы үшін кейде жеке өмірін ысырып қойып, жұмысына ден қоятын, альтруистер сияқты энтузиазммен жұмыс істейтін кездері де аз емес.
– Әр саланың өзіне тән қиындығы бар. Күнделікті өмірде отбасында жанжалдасып жатқан, ортақ келісімге келе алмаған  жандармен жұмыс істейміз. Құқықбұзушылықтардың алдын алуға, оларды болдырмауға тырысамыз. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге психологиялық, заңды көмек көрсетеміз. Біздің қызметте әйелдер мен балалардың көздері жәутеңдеп, «құтқарыңызшы», «көмектесіңізші» дегенін естігенде бей-жай қарап отыру мүмкін болмайды, – дейді Айжан.
Айжанның қызметінде «түн мен күн» деген ұғым жоққа тән. Қай мезгілде болса да жәбір көрген, жоқшылыққа ұшыраған әйелдер телефон арқылы хабарласып жатады. Хабар түскен сәтте-ақ дер кезінде жетіп, қол ұшын созу оның азаматтық борышы, кәсіби міндеті.
– Бірде таңға жуық күйеуі үйінен қуып шыққан әйел хабарласты. Ызғарлы суық сүйекті қарып, суық жауын себелеп тұрған. Айтылған жерге барсам, шақырған келіншек жұп-жұқа халатымен төрт бірдей баласын бүркемелеп тұр екен. Ол мезгілде тек теміржол вокзалының асханасы ғана ашық болатындықтан, сол жерге апарып ыстық шай әперіп, бойын жылыттым. Енді оны бір жерге орналастыруым керек. Ел ішінде мейірімді жандар аз емес. Есімі Арыс қаласына жақсы таныс кәсіпкер Мүслима Файзуллаева деген жүрегі жомарт әпкемізге хабарластым. Ол кісі бір ауыз сөзге келмей, әлгі әйелді төрт баласымен жеке пәтеріне орналастырды. Бақандай төрт ай бойы киіммен, тамақпен, баспанамен қамтамасыз етті. Өзінің жеке ғимаратынан жұмыс та тауып берді. Кейін ол әйел күйеуіне қайта қосылды. Себебі, ағайын-туысы жоқ, жалғызбасты келіншектің ойында «асыраушым күйеуім ғана, одан айырылсам төрт баламен күн көре алмаймын» деген ой тұрды. Иә, бір есептен түсінуге де болады. Біз күйеуімен заңды алға тарта отырып, біршама жұмыс жүргізгенбіз. Нәтижесінде қазір оның отбасылық өмірі бір ізге түскендей. Әйтсе де, мен үнемі жағдайын біліп тұрамын, – дейді Айжан Мырзахметова.
Қайырымдылық жасау Айжанның өз бойынан да табылатын қасиет.
 – Бірде қыстың қақаған суығында бір әйелдің үйіне барғанмын. Есігінің алдында екі-ақ қап көмірі жатыр, азық-түлігі жоқ десем де болады. Күйеуі балаларының жәрдемақысын ішіп қоятын, әйеліне үнемі қол көтеретін масыл жан еді. Жұмыстарымды бітіріп, үйге келген соң не көргенімді күйеуіме айттым. Әсіресе, «ана отбасыда өсіп келе жатқан бүлдіршіндер екі қап көмір таусылса жаурап қалады-ау» деген ой мазалай берді. Күйеуім менің көңіл-күйімді тез түсінді. Әйелдің мекенжайын сұрап алды да, азық-түлік пен қысқа жететін көмір жеткізіп берді, – дейді Айжан.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Айжан Мырзахметова тек инспектор-майор ғана емес, ол бес баланың анасы. Жолдасы Бауыржан – жеке кәсіпкер.
– Менің уақытпен санаспайтын жұмысыма ата-енем мен жолдасым түсіністікпен қарайды. Күйеуім мені үнемі қолдап отырады. Тіпті, кейде бірер күн үйде отырып қалсам, «әй, ана әйелдерің қалай?» деп күліп отырады.
Мен үшін отағасының дәрежесі әрдайым бірінші орында тұрады. Үйдің патшасы еркек болуы керек. Сондықтан жалақымды түгел отағасының қолына ұстатамын. Кейде, түрлі отбасыларды, дау-жанжалдарды, жүйкеге тиер оқиғаларды көріп, шаршап қайтқан сәттерімде балаларымды, отағасын көріп, сабама түсемін. Кейде «осы бір ақылы дария, түсінігі терең азаматты Алла менің ғана бағыма жаратқан шығар» деп шүкіршілік етемін. Егер өз отбасымда ортақ түсінік салтанат құрмаса, осы дәрежеме жетпес едім.
Мен қашан да әйел екенімді ұмытқан емеспін. Бірде үйге қонаққа келген әріптестерім қазан-ошақтың басында жүрген маған: «Сіз де орамал тартады екенсіз» ғой деген еді. Отбасында жарынан, ата-енесінен қолдау тапқан әйел ғана нағыз бақыттың иесі болады. Әрбір еркек қашан да нәзікжандылардың тірегі екенін ұмытпаса, қоғамдағы келеңсіздік азаяр еді, – дейді Айжан Мырзахметова.
Пернебай Сапар,
«Оңтүстік Қазақстан».

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да