Елде ғылым саласы дамуы үшін ғалымдардың жалақысы жақсы, жұмыс істейтін орны жайлы болуы керек. Тарихи жәдігер болса да, ескі жерде отырып, жұмыс істегеннен ешкімнің шабыты ашыла қоймас. Сол себепті Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясы жөнделіп жатыр. Ғимаратқа күрделі жөндеуді Qazaq Stroy компаниясы жасап жатыр. Олар бұл жобаға шамамен 19 миллиард теңге бөлген. Бүгінге дейін жөндеу жұмысының бірінші кезеңі аяқталды. Baribar.kz тілшілері академияға барып, ғимараттың қалай жаңарып жатқанын көріп қайтты.
Ұлттық ғылым академиясы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1951-1957 жылдар аралығында салынған. Оның сызбасын атақты сәулетші Алексей Щусев сызған, ғимараттың толық салыну процесін сәулетші Николай Простатков қадағалан. Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қазақстанның геология мектебі негізін салған академик Қаныш Сәтбаев еді. Академик дәл осы академияның бір кірпішін өз қолымен қалаған деседі. Кейін ғалымдар бұл академия ішінде біраз ауқымды жұмыс атқарды. Сол себепті Ұлттық ғылым академиясы — Қазақстан үшін маңызы бар республикалық нысан.
Ұлттық ғылым академиясы 2006-2010 жылдары жөнделген, сол кезде ғимараттың біраз бөлігі тарихи қалпынан өзгеріп кеткен еді. Қазір де бұл жердің бірқатар жері бұзылып, күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев академияның 75 жылдық мерейтойына келгенде мұны байқап, қала әкімдігіне ғимаратты жөндеуді тапсырған.
Qazaq Stroy компаниясы Қазақстанның ғылымына үлес қосу үшін және тарихи нысанды сақтап қалу үшін бұл жобаны толық өз мойнына алыпты. Qazaq Stroy басшысы Нұрлан Артықбаевтың айтуынша, компанияның мақсаты — Ұлттық ғылым академиясының келбетін алғашқы кезеңдегідей, яғни елді Дінмұхамед Қонаев басқарған тұстағыдай ету, қайта қалпына келтіру.
Ғылым академиясы — Алматы тұрғындары үшін ғана емес, елдің барлық азаматы үшін маңызды ғимарат. Себебі ол — біздің сәулетіміздің тарихи ескерткіші. Ғылымның негізі осы академиядан басталады. Бізге техника тұрғысынан жөндеп қоймай, ғимараттың тарихи келбетін сақтау маңызды, — дейді Нұрлан Артықбаев.
Олар тарихи артефактілерді сақтап қалу үшін «Архрест» жобалық-қалпына келтіру компаниясының кеңесшілерімен ақылдасқан. Жобаны кеңестің реставраторы, «Қазреставрация» трестінің бұрынғы басшысы Қанат Тұяқбаев мақұлдаған.
Жобамен жалпы танысқан соң, қайта қалпына келіп жатқан ғимаратты аралауға кірістік. Ұлттық ғылым академиясында 12 павильон бар екен. Бүгінге дейін оның алтауында жөндеудің бірінші кезеңі аяқталған. Компания әуелі ғимараттың түсі оңып кеткен қасбетін бояған. Олар қасбетті бірнеше рет тегістеп, тығындап, арнайы желім жағып, тор орнатып, қайта тегістеп барып қана сапалы бояумен бояды. Енді ғимараттың қабырғалары 20 жыл жарылмай, жақсы күйде тұрады. Ғимарат сыртын ақшыл-сары түспен бояған. Оған қоса нысанның бірнеше бөлігінің шатыры жөнделген. Qazaq Stroy-дың бас инженері Дархан Марқұмовтың айтуынша, оның түсі — еуропалық шатырлардың стилінде қою-сары болмақ.
Мұнда инженерлік желілер, интернет тоқтары жаңарыпты. Енді бұл тоқ көздері бұрынғыдай ғимараттың сәнін бұзып, қабырғаларда сояу-сояу болып шығып тұрмайды. Оның бәрін қабырғаның ішіне жасырыпты.
Ұлттық ғылым академиясы қызметкерлерінің айтуынша, ғимараттың бұған дейінгі кем тұсы — жылу болмағанында. Мұнда қыста қатты суық, ал жазда қатты ыстық екен. Сол себепті барлық құбыр, кәріз, жылу батареялары, суық және ыстық сумен жабдықтау желілері ауыстырылған. Академияның залдарына, кабинеттеріне жаңа жылыту радиаторлары орнатылған.
Құбырларды 2006-2010 жылдары ауыстырғанына қарамастан, қатты тот басып кетті. Сол себепті одан су да өтпейді, сәйкесінше ғимарат та жылымайды. Бәрін ауыстырып жатырмыз, — дейді Дархан Марқұмов.
Ұлттық ғылым академиясының ішіне кірсеңіз, ағаштан жасалған үлкен-үлкен терезелері бірден көзге түседі. Демеушілер оны да жаңасына — пластик түріне ауыстырғысы келген. Дегенмен академия қызметкерлері оның тарихи жәдігер екенін айтып, рұқсат бермепті. Сол себепті терезелерді тазалап, бояп, қыста сырттан суық ауа кірмес үшін оған резеңкелер орнатады.
Оған қоса ғимаратқа желдеткіш, өрт сөндіру жүйелері орнатылады. Ғимарат еденіне, баспалдақтарына, шамдарына және төбедегі ерекше сәулет өнеріне тиіспейді. Десе де компания үлкен залдарға қосымша жарық беретін шамдар орнатады. Есесіне лифтілер ауысады. Бұған дейін болған төрт лифт те тар болған. Енді олардың орнына үлкен лифтілер қойылады. Айтпақшы, мүгедектігі бар адамдардың да жағдайы ескеріледі. Оларға арнап ғимарат кіреберісіне пандус орнатылады.
Кейбір шамды бүлдіріп алмас үшін орап қойған.
Дархан Марқұмовтың айтуынша, бұған дейін мұнда таза ағаштан жасалмаған есіктер тұрған. Бұл есіктерді компания таза ағаштан жасалған, сапалы әрі берік есікке ауыстырып жатыр.
Қазір академияның іші ақшыл көк түсті. Дегенмен академия алғаш салынған кезде ақшыл-сары түсті болған екен. Сол себепті енді сол түс қайта таңдалып, боялады.
Қазір академия қызметкерлері әлі жөнделмеген ғимарат бөлігінде істеп жатыр. Компания алты павильонды жөндеп болған соң, жөнделмеген тағы алты бөлігіне кіріседі. Ал қызметкерлер жаңа кейіптегі академияның осы бөлігінде жұмысын жалғастырады. Ауданы 40 мың шаршы метрге жуық болатын Ұлттық ғылым академиясын жөндеуге, қалпына келтіруге шамамен 19 миллиард теңге бөлінген.
Академияның тарихи көрінісі мен интерьері сақталады. Кабинеттерге жаңа жиһаз сатып алынып, мәжіліс залын ерекше етсек деген ойымыз бар. Біз мұнда акустикалық тақталар жасаймыз, ол опералық театр атмосферасына ұқсап тұрады. Сонымен қатар кинотеатрдағыдай, жоғарыдан суық ауа келуі үшін, желдету жүйесін орнатамыз. Орындықтар мен перделерді қызылдан сарғыш түске ауыстырамыз. Ішкі ауланың аумағы абаттандырылады. Мұнда қызметкерлерге арналған шағын демалыс саябағы болады, — дейді Дархан Марқұмов.
Академияны жөндеудің екінші кезеңі қаңтарда басталып, келесі жылы аяқталады.
Qazaq Stroy басшысы Нұрлан Артықбаевтың айтуынша, Ғылым академиясының ғимаратын жөндеу компанияның алғашқы әлеуметтік жобасы емес. Компания биыл Ақжар шағын ауданында су сорғы станциясын басынан бастап салды. Бұл шағын ауданда тұратын 30 мың тұрғынының су мәселесін шешті. Ал 2024 жылы компания балалар онкологиялық орталығын салу бойынша жобаны жоспарлап отыр. Жобаның құны — шамамен 50 миллиард теңге. Qazaq Stroy барлық шығынды мойнына алады.