Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Қырқопа ауылындағы С.Меңдешев ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бұған дейін бірнеше жыл бойы апаттық жағдайда жұмыс істеген ескі клуб ауыл тұрғындарының басты мәселелерінің біріне айналған еді.
2024 жылы Amanat партиясының бастамасымен жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталып, бүгінде нысан толықтай ел игілігіне тапсырылды.
Жаңақала ауданы – қазақтың күй өнерінде ерекше орны бар киелі мекен. Бұл өңірде әйгілі күйшілер Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова дүниеге келген. Сонымен қатар Оқап Қабиғожин, Мамен, Тұяқберді Шәмелов, Қали Жантілеуов сынды дәстүрлі өнер тарландары да осы топырақтан шыққан. Сондықтан мәдениет пен өнерге ерекше мән беретін өңір үшін жаңа мәдениет үйінің ашылуы – ауыл халқы үшін маңызды оқиға.
150 орынға арналған жаңа нысан заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда балаларға арналған коворкиң орталығы, би залы және кітапхана жұмыс істейді. Енді ауыл тұрғындары мәдени-көпшілік шаралар, концерттер, ауылдық жиындар мен түрлі шығармашылық кездесулерді жаңа ғимаратта өткізе алады. С.Меңдешев ауылының тұрғыны бұл бастаманың ауыл жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Бұрынғы мәдениет үйі ұзақ уақыт апатты жағдайда болды. Ауыл жастары мен мектеп оқушылары түрлі мәдени байқауларға қатысып жүрсе де, лайықты орын жетіспейтін. Енді жаңа мәдениет үйі салынып, ауыл тұрғындарының бір аманаты орындалды. Осы бастамаға қолдау көрсеткен Amanat партиясына алғысымызды білдіреміз, – деді ауыл тұрғыны.
Жаңақала аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Гүлбану Дагарованың айтуынша, аудан көлемінде партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бірнеше мәдени нысан салынып, бірқатары күрделі жөндеуден өткен.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан бері жалпы сыйымдылығы 690 орындық алты мәдениет нысаны ашылып, тағы 12 нысанға күрделі жөндеу жүргізілген.
