Басты бетЖаңалықтарКөлік министрі:...

Көлік министрі: Елімізде локомотивтердің 52%-і тозған

Көлік министрі Марат Қарабаев локомотив пен жүк көліктерін сатып алу жұмыстары туралы айтып берді.

Қазіргі уақытта, локомотив паркінің жалпы саны – 1 880 және тозу деңгейі – 52%.

Қажет локомотивтер санын қамтамасыз ету мен тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 133 локомотив сатып алынды. Локомотивтердің негізгі өндірушілері – отандық Локомотив және Электровоз құрастыру зауыттары. Тағы қосымша локомотив сатып алу мәселесі пысықталып жатыр, — деді Марат Қарабаев бүгінгі үкімет отырысында.

Осылайша 2025 жылға дейін 568 локомотив сатып алу жоспарланып жатыр, бұл жылжымалы құрам паркіндегі тапшылықты толық жояды.

Оған қоса, елімізде 135 мың жүк вагондары бар. Нарықта 300-ден аса оператор жұмыс істейді. Оның ішінде Қазақстан темір жолына 38 мың вагон тиесілі, олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни еліміздің энергетикалық секторына және халыққа жеткізілетін көмірді тасымалдауға жұмылдырылған. 2025 жылға дейін ұлттық оператор қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 275-і биыл пайдалануға берілді, — деді министр.