2023 жылғы желтоқсаннан бастап Qazaq Air Астана – Новосібір бағыты бойынша аптасына бес рейске дейін және Өскемен – Новосібір бағыты бойынша аптасына екі рейске дейін жиілікпен ұшуларды орындауды жоспарлап отыр.
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Мәскеудегі көлік апталығы аясында Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев пен Ресей Федерациясының көлік министрі Виталий Савельевтің кездесуінде нақты келісімге қол жеткізілді.
Тараптар әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін де талқылады. Бұдан бұрын Қазақстан мен Ресей әуе қатынасын өзара кеңейту және елдер арасындағы транзиттік тасымалдауды арттыру туралы келісімге келген.
Түркістанда өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 24-ші отырысында тараптар логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын баса айтты.
Атап айтқанда, әуе көлігі саласында Қазақстан мен Ресей әуе қатынасын өзара кеңейтуге келісті. Сол кезде Qazaq Air әуе компаниясының Новосібір мен Челябіге рейстерін көбейту туралы уағдаластыққа қол жетті.
Баяндамада екі елдің аумағы арқылы транзиттік тасымалдауды одан әрі ұлғайту, жол инфрақұрылымын бірлесіп дамыту және Қазақстан – Ресей шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту жоспарлары бар екені айтылды.
Сонымен қатар қатысушылар электр энергетикасы және мұнай-газ салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асырудың келешегін қарастырды.