Халықты әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту шаралары әзірленді

Қазақстанда халықты әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлем жасату үшін шаралар әзірленді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар жасайтын халық саны тым аз, нақты төлеушілер 5 миллионға жуық немесе 25%-тен аспайды. 

Министрліктің мәліметінше, кейбір облыстарда медициналық әлеуметтік сақтандыруға төлем жасайтындар саны тіпті бестен бірге де жетпейді. Ал 15 жеңілдікті санаттағы 11,7 миллион азамат медициналық қызметті мемлекет есебінен МӘМС арқылы алады.

Осы орайды, әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлем жасайтындар санын ұлғайту үшін денсаулық сақтау министрлігінің жанынан ведомствоаралық жобалық офис құрылды. Енді халықты МӘМС жүйесіне тарту үш бағытта жүргізіледі. Біріншісі — қанағаттанарлықсыз, дағдарыстық және төтенше жағдайдағы азаматтарға қатысты жұмыс. Бүгінгі таңда мұндай санаттағы адамдар саны 2,2 миллион. Жергілікті атқарушы органдардың жанындағы штабтар экономикалық белсенді және еңбекке жарамсыз адамдарды анықтауға тиіс. Бұдан басқа, осал санаттағы адамдар үшін МӘМС жарналарын төлеу тетігі мәселесі пысықталады. Оны жергілікті атқарушы орган анықтайды, — делінген хабарламада..

Екінші бағыт — жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік кірістер органдарымен өзара іс-қимылы арқылы бейресми жұмыспен қамтылған халықты тарту. Олардың кәсіпкерлік қызметінде МӘМС төлеуді барынша анықталады.

Үшінші бағыт – МӘМС бойынша төлемдерді уақтылы жүргізбейтін жұмыс берушілермен мемлекеттік кірістер органдарының жұмысын жандандыру. Мұнда біз әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі борышкер ұйымдар туралы айтып отырмыз, — деді министрлік.