Қысқы демалыс жақындап келеді. Қазақстан азаматтары биыл 30-дан аса елге визасыз кіре алады. Туризм саласының маманы Сандуғаш Бисенбай көп ақша жұмсамай-ақ демалып қайтуға болатын елдер тізімін ұсынды.

2023 жылы Қазақстан азаматтары 34 елге визасыз кіре алады. Былтыр елімізден 7,7 миллион адам шетелде демалып келген. Эксперт Сандуғаш Бисенбай бұл сан жылдан-жылға арта береді дейді.

Виза, Визасыз кіруге болатын елдер
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қазір сыртқы туризм қолжетімді бола түсті, саяхат қалтаға қатты салмақ салмайды. Кез келген адам шамасына қарай тиімдісін таба алады. Сондықтан демалыста шетелге баратындар қатары да артып келеді, — дейді ол.

Сандуғаш Бисенбайдың айтуынша, Қазақстан туристері көбіне Біріккен Араб Әмірліктеріне барады.

Визасыз кіруге болатын 34 елмен қатар тағы 20-дан аса елге барып, әуежайында виза жасап алуға болады. Бірақ олардың арасында әзірге тек Мысыр елі танымал. Ал жалпы қазақстандық туристердің арасында ең танымал бағыт — БАӘ, Грузия, Түркия, Әзербайжан. Кейінгі екі-үш жылдықта Өзбекстан да осы қатарға қосылды, — дейді Сандуғаш.

Маман қысқы маусымда адамдар көбіне жылы жаққа кеткісі келетінін айтады. Сонымен қатар көбі қыста белсенді демалысқа шыға бермейді.

Қыста көбі БАӘ, Таиланд, Қытайдағы Хайнань аралдарына барады. Осының ішінде Таиланд бағыты қазір тіпті тиімді болып тұр, Қазақстан азаматтары алдағы жылдың наурызына дейін Таиландқа ешқандай визасыз кіре алады, — дейді ол.

Сандуғаш бір апталық демалыс аса қымбат шықпайды дейді. Бірақ бірінші рет шетелге шыққалы отырғандарға әуелі жақын жатқан елдерге барып көруге кеңес берді.

Грузия, саяхат
Фото: Selfie travel

Әркімнің талғамы әртүрлі, сұранысы да басқаша. Бұған дейін шетелге шығып көрмеген туристерге жақын жатқан елге баруға кеңес беремін. Есесіне қаржы көп кетпейді, уақыт үнемдейді. Қысқы бағыт ретінде жақын елдерден Грузияға баруға болады. Көбі Грузияға тек жазда бару керек деп ойлайды. Бірақ бұл елде қыстыгүні де қызық көп. Географиялық тұрғыда Еуропаға жақын орналасқаны үшін, Грузия халқы да Рождествоны тойлайды, қала да ерекше безендіріледі. Еуропаға баруды армандап, бірақ ақша жинай алмай жүргендер де сапарды осы Грузиядан бастаса болады. Бұл елдің табиғаты ерекше әдемі. Бұл — бюджеттік нұсқа. Бір жақсысы, қыста ол жақта турист те көп болмайды. Сондықтан тур да, қонақүй бағасы да арзан шығады. Осылай, Грузияға бір аптаға 200-300 мың теңгеге барып келе аласыз. Ұшақ, қонақүй, қыдырыс пен басқасын қосқандағы сома — осы, — дейді ол.

Ал пассив демалысты, жылы жаққа барып, жағажайда жатқанды ұнататындар үшін Сандуғаш өзінің үздік бес нұсқасын ұсынды. Тізім арзанынан қымбатына қарай жазылған.

БАӘ, саяхат
Фото: Selfie travel

Мұндай елдердің ішінде ең арзаны — БАӘ. Бұл жаққа тур бағасы арзан болғанымен, әмірліктегі өмір қымбаттау екенін ескеру керек. Тур пакеті 200-300 теңге болады, бірақ түскі ас және басқасына қосымша ақша ала баруыңыз керек. Қосымша, шамамен, 250 мың теңге ала барған дұрыс. Бұл — бір адамға кететін шығын, — дейді Сандуғаш.

Тағы бір қымбат емес бағыт — Үндістан. Сандуғаш бұл бағытқа қызығатындар саны енді артып келе жатыр дейді.

Үндістан
Фото: Selfie travel

Үндістанға бару үшін виза жасату керек, бірақ оны рәсімдеу мүлдем қиын емес. Көбі Үндістан дегенде көз алдына тек лас жерлерді, дамымай қалған елді елестетеді. Бірақ елдің әр қаласы әртүрлі, әдемі жерлері де жетерлік. 400 мың теңгеңіз болса, ол жақта да бір апта бойы жақсылап демалып қайтуға болады. Үнді мұхитын көруге болады, ақ жағалау да табылады. Теңіз тағамдарын да тоя жеп қайтуға болады, — дейді эксперт.

Аса қымбат емес бағыттардың ішінде Қазақстан азаматтары көбіне Таиландқа барғанды ұнатады. Сандуғаштың айтуынша, бұл ел барлық жастағы туристердің көңілінен шығады.

Таиланд, саяхат
Фото: Selfie travel

Үшінші бағыт — Таиланд. Бұл елде демалғанды үлкен-кіші де, жас-кәрі де — бәрі ұнатады. Биыл Қазақстан азаматары үшін керемет мүмкіндік туып отыр. Биылғы қыркүйектен бастап, келесі жылдың наурызына дейін қазақстандық туристер Таиланд аумағына визасыз кіре алады. Таиланд — аралдары бар мемлекет. Бармас бұрын, қай аралға барғыңыз келетінін таңдап алған дұрыс. Таиландқа барып келгендер елдегі климат өте жайлы екенін айтады. Экзотикалық жеміс-жидек те бұл елдің үлкен артықшылығы екені рас. Бұған қоса көпшілік жақсы көретін тай массажының бағасы да өте арзан. 300-400 мың теңгеге бір аптаға тур сатып алуға болады. Қосымша шығын шамамен 100 мың теңге болады, — дейді Сандуғаш.

Сандуғаш ұсынған төрінші бағыт — Мальдив аралдары. Алайда бұл саяхаттың бағасы алдыңғыларға қарағанда қымбаттау шығады.

мальдив аралдары
Фото: Selfie travel

Мальдив аралдары жасалатын турларға да сұраныс артып келеді. Кейінгі уақытта «БАӘ+Мальдив аралдары» деген авторлық тур ұйымдастырып жүрміз. 700 мың теңгеге 10 күн бойы жақсылап демалып келуге болады. Бұл жақтың табиғаты бөлек. Мальдив аралдары теңіз асты өмірімен танымал, дайвиң сүйетіндер үшін керемет нұсқа. Мұнда акулалармен бірге жүзуге болады. Түрлі қызық экскурсия да бар. Көбі Мальдивке бару үшін екі-үш миллион теңге керек деп жаңылады. Қазір арзандау әуе компаниялары бар. Бұған қоса қонақүйдің де ең қымбатына емес, сәл арзандауына көз салсаңыз, Мальдив те соншалық қымбат болмайды, — дейді эксперт.

Сандуғаш алдағы уақытта Қытайдағы аралдардың танымалдығы арта түседі дейді. Ол бұған Қазақстан мен Қытай арасындағы 30 күндік визасыз режим оң әсер етеді деп есептейді.

Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режим келісімі туралы айтылғалы осы бағытта тур ұйымдастыруды сұрап жатқандар көп. Бұл — тарихты білетін, тарихи деректерді білуге құштар адамдар үшін өте қызық бағыт. Қалай дегенмен, Қытайда да көретін зат көп. Бір ғана Ұлы Қытай қамалын көру үшін барғысы келетіндер де бар. Сондықтан жақында елдің тарихи аумағына экскурсиялар мен жағажай жағындағы пассив демалысты біріктіріп, жаңа турлар ашылуы мүмкін. Осы сияқты турларға сұраныс та артады деп ойлаймын, — дейді Сандуғаш.

Сандуғаш қазір shop-тур форматы танылып келе жатқанын айтады. Бұл кәсіпкерлерге арналған тур. Әдетте кәсіпкерлер бірігіп арнайы маршрут бойынша бір елге аттанады. Сол елдің бірнеше дүкенін аралап, серіктес те тауып қайтады. Сандуғаш жақында Қытайға жасалатын shop-турларға сұраныс артады дейді.