Ұлттық банк Қазақстан қаржыгерлерінің XI конгресінде ұлттық валюта банкноттардың жаңа сериясын таныстырды.
Бұл туралы ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа банкноттарда «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасы бейнеленген.
Жаңа банкноттар сериясы дайын болған кезде айналымға енеді. Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноттар биыл қолданысқа шығады, — делінген хабарламада.
Банкноттардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Бұл орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау маңызды саналады.
Жаңа банкноттар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында номиналды құнына қарай қабылдауға жатады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының барлық банкі арқылы банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және ұсақталуға міндетті. Жаңа дизайндағы банкноталар шығарылғаннан кейін алдыңғы үлгідегі банкноталар айналымнан біртіндеп алына бастайды. Ұлттық банк ескі және жаңа үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін бір жыл деп белгілейді, ол қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін. Айналымда параллель жүретін кезеңде ескі және жаңа банкноттар заңды төлем құралы болып қала береді және төлемдер мен аударым кезінде қабылдануға міндетті. Олар ұлттық банктің, «Қазпошта» АҚ мен ЕДБ барлық филиалдарында шектеусіз мөлшерде айырбасталады және ұсақталады, — делінген хабарламада.
Айналымда қатар жүру мерзімі аяқталған соң барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға – үш жыл ішінде, ал ұлттық банктің филиалдары – мерзімсіз айырбастай береді.
Банкноттардың айналымда параллель жүру мерзімі мен тәртібі туралы ақпарат қосымша жарияланады.