Биыл мемлекеттік бюджетке 15,5 триллион теңге кіріс түсті

Биыл 10 айда мемлекеттік бюджетке 15,5 триллион теңге кіріс түсті. Бұл туралы үкімет отырысында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.

Мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің сомасы 15,5 триллион теңге болды немесе жоспар 98,3%-ке орындалды. Республикалық бюджетке 10,5 триллион теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 92,8%-ке,  оның ішінде салықтар бойынша 87,3%-ке атқарылды. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты, — деді вице-министр.

Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 294 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 23%-ке азаюымен байланысты болды. Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 8%-ке азаюы есебінен орын алды.

Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 9%-ке төмендеуімен байланысты болды. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 12%-ке төмендеуі әсер етті. Салықтық емес түсімдер бойынша асыра орындау акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер есебінен қалыптасты, — деді ол.

Вице-министр жергілікті бюджеттердің кірістері 111,7%-ке атқарылған және 5,1 триллион теңге болғанын айтып өтті.

Жоспар 534 млиллиард теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 474 млиллиард теңгеге асыра орындалды. Алматы облысынан басқа барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалып отыр, — деді Дәурен Темірбеков.