Алматыда 266 бала қызылшаға қарсы вакцина алды

Алматыда қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау аясында 266 бала егілді. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, қазіргі уақытта мегаполисте қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз.

Балалар арасындағы аурушаңдық негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен болып отыр. Сонымен қатар вакцинациядан медициналық босату және егу жасына жетпеу салдарынан тіркеліп жатыр.

Қызылшаны жұқтырудан, сонымен қатар олардың асқынуының алдын алатын жалғыз тиімді құрал тек вакцинация. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация екі рет, біріншісі – 1 жаста (12-15 ай), екіншісі – 6 жаста жүргізіледі, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді, — дейді ол.

Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

Әсел Қалықова еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес Алматыда қосымша жаппай иммундау жұмыстары қолға алынғанын айтты.

Қаланың медициналық ұйымдарында қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау контингентінің тізімі жасалды. Әрбір ауданда және әрбір медициналық ұйымда іс-шаралар жоспары әзірленді. Дәрігер, медбике (вакцинатор), медрегистратор құрамында тәжірибелі оқытылған мамандар қатарынан қосымша егу бригадалары құрылды.

Қызылшаға қарсы вакцинация кезең-кезеңімен өткізілетін болады. Қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы вакцинаның бар қалдығын ескере отырып, алты айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды қызылшаға қарсы иммундау басталды және қызылшамен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасатын болады. Осы жылдың 10-13 қарашасы аралығында қосымша жаппай иммундау шеңберінде қызылшаға қарсы 266 бала егілді, — деді эпидемиолог.