Адамдардың бір тобы ауруды тек дәрі-дәрмек емдейтініне сенімді болса, екіншісі оның бәрі психика арқылы емделетініне сенеді. Психосоматолог Нұрлан Несіпбаев психосоматиканың не екенін, оны кәдімгі аурудан қалай ажыратуға болатынын айтып берді.

Психосоматика — жан мен тәннің түйіскен жері, яғни адамның негатив эмоциялық күйі ауру арқылы шығуы.

Нұрлан Несіпбаевтың айтуынша, әр аурудың түбінде түрлі эмоциялық блок тұр. Дәрігерлер адамның ауруының диагнозын қояды, ал психосоматологтар диагнозға қарай аурудың себебін, адамның эмоциялық проблемасын айта алады.

Адамдар психосоматика мен кәдімгі ауру екі түрлі деп ойлайды. Алайда кәдімгі ауру мен психосоматиканың айырмасы жоқ. Эмоциялық проблемалар кәдімгі ауруға айналады. Оны емдемесе, ауру бойға дендеп кетуі мүмкін. Сол үшін адам ауру белгілерін байқаса, міндетті түрде дәрігерге баруы керек. Дәрігерлер диагноз қойып, аурудың салдарын емдейді. Сосын науқас психосоматологқа барып, аурудың қайдан шыққанын біле алады, — дейді маман.

Нұрлан Несіпбаев, психосоматолог
Нұрлан Несіпбаев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ол адамның 99%-і психосоматикаға ұшырауы мүмкін дейді. Себебі қазіргі уақыт — белгісіздікке, қорқынышқа, уайымға толы заман. Кез келген адам күйзеліске әп сәтте ұшырап, негатив ойлар мен теріс әсер ететін эмоция жиналып, ауруға айналуы мүмкін.

Психосоматолог кейбір аурудың эмоциялық себебін өз саласы бойынша болжап көрді.

Кейбіреулер өзгелер көмек сұрамаса да оларға барынша көмектесіп жүреді. Олар басқа адамдардың проблемасын шешемін деп көп уайымдайды. Ақыры соңында сондай жандардың басы көп ауырып, қан қысымы көтеріле береді. Адамның денесінде безеу көп болса, ол бейсаналы түрде өзінің түрін, денесін қабылдамауы мүмкін, — дейді Нұрлан Несіпбаев.

Психосоматолог белі ауыратындардың не арқа сүйер тірегі жоқ, не өзіне қорғай алмауы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар олар материалдық жағдайды көп уайымдап, кедейшіліктен қорқуы да мүмкін. Адамдар өзінің ойын, пікірін ашық айта алмаса, оның тамағы ауыруы мүмкін. Себебі айтылмаған ой тамақта тұрып қалады.

Нұрлан Несіпбаевтың сөзіне қарағанда, өмірде өз орнын таба алмай жүрген адамдардың саны, балтыры, бармақтары ауыратыны ғажап емес. Тізесі ауыратын адамдарға ойын айтып жеткізу қиын. Олар өзгенің ақыл-кеңесін тыңдамайды, түсінбейді. Өкшесі ауыратын адамдар біреуден тіреу іздеп жүруі мүмкін.

Нұрлан Несіпбаев, психосоматолог
Нұрлан Несіпбаев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қолға келетін болсақ, қолдың адам ағзасындағы міндеті — жұмыс істеу. Әдетте, қолы жиі ауыратын адамдар мақсат қоя алмай, өмірде өзіне не керек екенін білмей жүреді. Саусақтары ауыратын адамдар қолында бар нәрсені жоғалтып аламын ба деп қорқуы мүмкін. Көбіне олар заттарға жабысып, айырылғысы келмейді, — дейді ол.

Оның айтуынша, кеудесі ауыратын адамдар кез келген жағдайға өзін кінәлай береді. Түймедейді түйедей етететін адамдардың жүрегі көп ауырады. Кеудесі мен жүрегі ауыратын адамдар түкке тұрмайтын нәрсені уайымдайды. Өзін көп шектейтін адамдардың өкпесі ауырады.

Үнемі салғыласып, өзінікін дәлелдеп, басқалар «сенікі дұрыс» деп мойындағанша тынбайтын адамдар бар. Басқа адамдардың пікірін өзінің пікіренен жоғары қоятын мұндай адамдардың бүйрегі ауыруы мүмкін. Мойны ауыратын адамдар қырсық келеді десек болады. Себебі қырсық адамдар айтқанынан қайтпай, қатып қалады. Көзі ауратын адамдар ақиқатты көргісі келмеуі мүмкін.

Адам ашуын шығармай, баса берсе, өт толып, ауырады. Өткенді сағынып, сол уақытқа оралғысы келетін адамдардың қант диабеті болуы мүмкін. Әрдайым бірнәседен қорқып, қауіптеніп жүретіндерде үрейлі шабуыл (паническая атака) жиі болады, — дейді Нұрлан Несіпбаев.

Маман адам аурудан психосоматика жағынан емделу уақыты тек өзіне байланысты екенін айтты. Психосоматологтар адамның диагнозына, болмысына, өмірлік ұстанымына, басынан өткен жағдайларға қарай оның психикалық, эмоциялық проблемаларын табады. Адам маманның айтқанын істеп, өзімен жұмыс істесе, аурудан жылдамырақ айығады.