Шаштың түсуі жүрек ауруының белгісі болуы мүмкін

Ғалымдар Үндістанда тұрып жатқан 2 000 жас ер адамды тексерді. Олардың 790-да тәждік жеткіліксіздік байқалса, қалған денсаулығында кінәраты жоқ 1270 ер адам арнайы зерттеу жұмысына қатысты. Мамандар зерттеу жұмысының нәтижесінде шашы ағарып, ерте түсетін ер адамдардың жүрек-қан тамырлары жүйесінде ақауы барын байқаған. Еуропа кардиологтар қоғамының зерттеу нәтижесі Үндістанның Калькутта қаласында өтетін жыл сайынғы конференцияда таныстырылады.

«Жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарды тексеру барысында шаштың ерте түсуі мен ағаруына мән беруіміз керек. Ақ шашты қарайта алмайсыз. Бірақ, оның орнына салауатты өмір салтын қалыптастырып, холестерин деңгейін реттеп, қан қысымыңызды бақылауға алуыңызға болады. Сол себепті айтып өткен екі факторды міндетті түрді ескеруіміз қажет», – дейді жүрек ауруларын зерттейтін британиялық қор директоры Майк Кнэптон.

Ғалымдар шаштарының қалыңдығы мен ақ түсуіне қарап зерттеу қатысушыларын бірнеше топқа бөлді. Артынша осы белгілері бар адамдардың қандай ауру түріне шалдыққанын тексерген. Нәтижесінде ғалымдар жүрек-қан тамырлары жүйесінде ақауы бар жігіттердің шашының 50%-ға ертерек ағаратынын байқаған.

«Бұл байланысты биологиялық қартаюдың табиғатымен түсіндіруге болатын сияқты. Яғни кей науқас ерте қартайып, осыған сай шашы да ағарады», — дейді Камал Шарма.

Лондонда жүрек-қан тамырлары физиологиясы мен фармокологиясы пәнінен сабақ беретін ұстаз жүрек аурулары мен шаш ағаруының арасындағы байланыстың ертеректен белгілі екенін айтады.

«Адамдар мұны тез қартайтатын генетикалық қатенің салдары болар деп ойлаған. Ер адам ағзасының тестесторонға әсерінен де шашы ағарып, жүрек ауруларына шалдығуы мүмкін», — дейді Хьюз.

2013 жылы Жапонияда 37 мың тұрғынның қатысуымен жүргізілген зерттеу барысында шашы ерте ағарған ер адамдардың жүрек-қан тамырлары ауруларына 32% көбірек шалдыққаны анықталды. Дәл осындай зерттеу жұмысы 2014 жылы Данияда жүргізілді. Оған 11 мың адам қатысты. Бұл зерттеу де шаштың ағаруы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының арасында байланыс барын көрсеткен. Дәрігерлер жүрек ауруларын алдын алу үшін көкөністерді көбірек жеуге кеңес береді.

Дереккөзbaq.kz