Серік Жұманғарин жұмыртқа бағасы неге өсіп жатқанын түсіндірді

Вице-премьер – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жұмыртқа бағасы неге өсіп жатқанын айтты. 

Министрдің айтуынша, қазір 10 дана жұмыртқаның бағасы 600 теңгеден асады.

Қазір бізді алаңдатып отырған жалғыз мәселе – жұмыртқа бағасының өсуі. Біз қазір мұнымен жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыртқа қатты қымбаттап барады. Біз талдау жүргіздік, жергілікті жерлерде құрамына бірқатар мемлекеттік орган кірген комиссиялар құрылды, — деді Серік Жұманғарин үкіметте өткен брифиңде.

Министрдің айтуынша, құс фабрикаларының бәрі делдал арқылы жұмыс істейді. Олардың көбі – жеке тұлғалар.

Бұл түсінікті де, өйткені олар жұмыртқа үшін кэшті бірден төлейді. Ал содан кейін схема басталады. Қазір мұнымен монополияға қарсы комитет айналысып жатыр. Бірақ бұл ұзақ уақытты алады, — деді вице-премьер.

Министрдің айтуынша, жұмыртқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары құс фабрикаларынан тікелей сатып алуға тиіс тауарлар тізіміне енгізілді. Демек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары құс фабрикаларынан жұмыртқаны ақша төлеп, тікелей сатып алады.