Ақтөбеде мұнайшылар наразылыққа шықты

Ақтөбе облысында қара алтын өндірумен айналысатын ірі компаниялардың бірі инженерлер мен технологтарын қысқартуға шешім шығарды. 50-ден астам мұнайшы наразылық білдірді.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

«Ұлы қабырға» компаниясы бірер күн бұрын мұнайшыларға мессенджер арқылы хабарлама жіберген. Онда 30 қарашада қысқарту басталатыны туралы айтылған. Тізімге 54 қызметкер іліккен. Көбісі – кен орнындағы қауіпсіздікке жауап беретін мамандар мен инженер-технологтар. 

Жұмыссыз қалғалы отырған мамандар көмек сұрап, кәсіподақ басшылары мен еңбек инспекциясын жағалап жүр. Мұнайшылар қолымызға ешқандай қағаз келмеді деп шағымданады. Одан бөлек компания басшылары қысқаруға қатысты түсініктеме беруден де қашып отыр.

Алдын ала бізді жинап алып, кәсіподақ комитеті жиналыс өткізіп, бізге ешқандай ескерту жасаған жоқ. Тек аяқ астынан «міне, қысқартуға кеттіңдер, 30 қарашаға дейін» дейді. Қиын жағдай. Жасым 55-ке келді. Маған жұмыс табу қиын. Мұндағылардың көбісі – жасы келіп қалған адамдар, — деді мұнайшы Талғат Қожықов.

Бұрғылаумен айналысатын мекеме «СНПС-АқтөбеМұнайГаздың» мердігері ретінде тапсырысын орындап келеді. Еңбек инспекторларының айтуныша, кейінгі жылдары компанияның жұмыс көлемі азайып қалды. Бірақ алғашқы кездесуде 19 жұмысшыны қысқартпауға уәде етті.