Бүгін 45 аудан мен қаланың әкімі сайланады

2023 жылғы 5 қарашада 45 аудан және облыстық маңызы бар қалаларда әкімдерді сайлау бойынша дауыс беру басталды. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметке сәйкес, елорда уақытымен сағат 07.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде барлық 1491 аудандық және қалалық сайлау учаскелері дауыс беруге кірісті.

Ең ірі 305 сайлау учаскесінде (1000-нан астам сайлаушы) ЦДИАӨМ және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-мен бірлесіп, сайлаушылар тізіміне кірмеген, бірақ сайлау учаскесінің аумағында тұратын мекенжай мәліметтерін тексеру үшін сервис ұйымдастырылды. Жамбыл және Түркістан облыстарының үш сайлау учаскесінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң шеңберінде аумақтық сайлау комиссияларының қабылданған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 06.00-де басталды, – делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасының аумағындағы уақыт белдеулерінің шекараларына сәйкес бес өңірдің: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылды.