Айжан Есмағамбетова: Қызылша дерті елдің барлық аумағын қамтыды

4 қарашада вице-премьер Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талқыланды.

Қазіргі жағдай туралы денсаулық сақтау министрінің орынбасары, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова баяндады. Оның айтуынша, қазір министрлікті А гепатиті мен қызылша инфекциясының көбеюі алаңдатып отыр. Көбіне жағдай тиісті вакцина алмаған адамдарда кездеседі. Мысалы, қызылша дерті еліміздің барлық аймағын қамтыды. Ауруды ең көп жұқтырғандар — Шымкент пен Алматы тұрғындары.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау шараларына дайын болуы керек, — деді Айжан Есмағамбетова.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бұл жағдай халықтың аурудың қауіпті екенін білмегеннен болуы мүмкін екенін атап өтті.

Адамдар екпеден бас тартса, бұл ақпараттандыру жұмысы нашар жүргізілгенін білдіреді. Адам өзіне жау емес. Қауіп барын білсе, өзін қорғау шараларын жасайды. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті органдармен бірлесіп, әкімдіктер де бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек, — деді ол.