Қазақстан Палестинаға 1 миллион доллар көмек береді

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Қазақстан тарапы Палестина халқына көмек ретінде 1 миллион доллар беретінін айтты.

Медиацияның (Mediation) рөлін арттыру – өзекті мәселе. Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегіп жатыр. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым, — деді президент.

Мемлекет басшысы ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс еместігін атап өтті.

Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды, — деді мемлекет басшысы.

Еске салайық, бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтіп жатыр.