Әкімдік Астанадағы жарықтың өшіп қалу себебін мәлімдеді

Астана әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов елордадағы жарықтың сөну себебін айтты.

Кеше қосалқы станцияда электр ажыратқыштың басы жарылып, электр шкафтың үстіне құлаған. Сөйтіп, салбырап тұрғанда басқа фазаны тұйықтап тастаған. Одан кейін тұрақты тоқтың екі автоматы өшіп қалды. Ал ЖЭС-2 станциясының жүктемесі нөлге дейін түсіп кетті, — деді Нұрлан Нұркенов брифиңде.

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде қаладағы 10 қосалқы станция сөніп қалған. Соның салдарынан Есілдің оң жағалауында жарық өшті.

Түнгі сағат 2.00-ге дейін барлық қосалқы станция іске қосылды. Ешқандай технологиялық ақаулық болған жоқ. ЖЭС-2 штаттық режимде істеп тұр. Апаттық жағдай оған келетін желілерде болды. Қарапайым сөзбен айтсақ, кабельден ақаулық шығып, электр шкафтардың біреуі жанып кетті. Бұл мәселе 1,5 сағаттың ішінде шешілді, — деді әкімнің орынбасары.

Еске салайық, 2023 жылғы 30 қазанға қараған түні Астананың оң жағалауында электр қуаты мен су жаппай үзілді. Кейін энергетика министрлігінің баспасөз қызметі 29 қазан күні сағат 21.58-де 110 кВ әуе желісінің қалалық сақинасының бойында апатты өшіру орын алғанын хабарлады. Астананың ЖЭО-2-да қысқа тұйықталу салдарынан генерацияның толық төмендеуі байқалды.