Жүргізушілерге Алматы жолдарында көктайғақ болатыны ескертілді

Қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы алматылық көлік жүргізушілеріне ескерту жасады.

«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің мәліметінше, 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні Алматыда қатты жаңбыр жауып, арты сілбі қарға ұласады. Түнде ауа температурасы -3 градусқа дейін төмендейді, көктайғақ болады.

Осыған орай қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы алматылық көлік жүргізушілерге бірқатар кеңес берді.

Коммуналдық қызметтердің көктайғаққа қарсы жұмыстарды жедел және сапалы жүргізуін қамтамасыз ету мақсатында автокөлік иелерінен мүмкіндігінше қала бойынша қозғалысты шектеуді сұраймыз. Жолда көктайғақтың әрі қозғалыс бөлігінде тайғанақ қабыршықтардың пайда болуына байланысты жүргізушілер қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, автомобильдер арасындағы қашықтықты арттырып, бүйірлік аралықты сақтаулары, кенеттен маневрлер мен тежеулер жасаудан аулақ болуға тиіс, — делінген хабарламада.

Басқарма мәліметінше, мегаполистің инфрақұрылымына 10 мердігер ұйым, 818 бірлік техника және 1 240 жол жұмысшысы тартылды. 76 тонна көктайғаққа қарсы материалдар дайындалды.

Биыл техниканы жаңарту және еңбекті механикаландыру мақсатында 101 бірлік техника сатып алынды. Барлық техника әмбебап. Қыста да, жазда да қолданылады, — делінген хабарламада.