Үш облыстағы 41 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі

Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылға қарай 41 ауылдың 22 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша сегіз жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оның аясында 22 мыңнан астам адам тұратын 41 ауылдық елдімекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.

2025 жылға қарай 41 ауылдық елдімекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және 52 ауылдық елдімекенді сумен жабдықтауды жақсарту үшін шамамен 1 200 километр топтық су құбырларын салу жоспарланып жатыр. Онда барлығы 55 мыңнан астам адам тұрады, — деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сапалы ауыз суға қол жеткізетін елдімекендердің 35-і – Солтүстік Қазақстан облысында, үшеуі – Ақмола облысында, үшеуі — Қызылорда облысында орналасқан.