Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстаннан оралды

Ауғанстанға барған Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары елге оралды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. 

Гуманитарлық миссияны орындау үшін жалпы 45 адам, оның ішінде ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есептоптары, апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері жіберілген еді.

ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері комитеті төрағасының міндетін атқарушы генерал-майор Ұларбек Әбікеевтің басшылығымен қазақстандық құтқарушылар жасағы қойылған міндеттерді абыроймен орындады, — делінген хабарламада.

Жер сілкінісі аймағынан оралған құтқарушыларды әуежайда әріптестері, туыстары мен жақындары қарсы алды. Сонымен қатар Lider.kz қозғалысының волонтерлері де болды. Олар Чарли, Джейкоб пен Евро атты құтқарушы иттерге медаль дайындады.

құтқарушылар, ТЖМ
Фото: ТЖМ

Гуманитарлық миссияға қатысқандарды төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Ерлан Нұрпейісов құттықтап, халықаралық құтқару операциялары біздің мамандарға өз кәсіби біліктілігін арттыруға және әртүрлі жағдайларда жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге көмектесетінін айтып өтті.

Елге оралар алдында ауған билігі қазақстандықтарға жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға көмек бергені үшін ризашылығын білдірді.

Біз Қазақстанның қиын сәтте көрсеткен көмегін ұмытпаймыз, — деді Ауғанстан мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Мохаджер Сахиб.

ТЖМ ақпаратынша, қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанда 83 жергілікті тұрғынға медициналық көмек беріп, 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді, Наиброфи елдімекенінде 700 қираған үйдің учаскесін тексерді. Құтқарушылар қайтыс болған бір баланың денесін тауып, алып шықты.

Қатты шаңды дауылдан зардап шеккен тоғыз шатырлы қалашықтың орналасу орындарын тексерді. Сияхан елдімекенінде толығымен қираған үйлердің астын да тексеріп, Чолк елдімекенінде үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізді.