Астанада тұратын Нұрай деген корей қызы қазақ-корей сөздігін құрастыруды армандайды. Шын есімі — Цой Ён Сон. Өзі де осы үшін көптен бері қазақ тілін үйреніп жүр. Baribar.kz тілшісі Нұрайға хабарласып, оның ерекше арманы туралы сұрады. Нұрай журналиспен таза қазақша сөйлесті.

Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулдегі Хангук шет тілдері университетінде қазақ тілі оқы­ты­­лады. Цой Ён Сон – осы университеттің Орта Азия факультетінде білім алған. Төрт жыл бойы қазақ тілін үйре­н­ген тіл маманы. Нұрай — оның қазақша есімі.

Университетте оқып жүргенде қазақ тілі пәнінен сабақ берген Әлия Құрышжан апайым бірнеше есім жазылған тізім беріп, өзімізге қазақша есім таңдауды ұсынды. Арасынан Нұрай дегені қатты ұнады. Меніңше, шетел тілін, мәдениетін үйренгісі келетін адамның әуелі сол тілдегі есімі болғаны дұрыс. Нұрай болғалы қазақ мәдениетіне әлдеқайда жақындай түскендеймін, — дейді Нұрай.

Нұрай, қазақ-корей сөздігі
Фото жеке архивінен

Қазір Нұрай Астанадағы корей мәдени орталығында жұмыс істейді. Оны әріптестері тек қазақша есімімен атайды.

Шын атымды да жақсы көремін. Қызығы, оның мағынасы «күн сияқты» дегенді білдіреді. Қазақша есімімнің мағынасы да сол сияқты ғой, нұрын шашып, жарқырап жүру мағынасындағы есім. Қазір әріптестерім де «Біздің Нұрайымыз» деп атап, еркелетіп жүреді, — дейді ол.

Ол қазақ тілі саласын кездейсоқ таңдамаған. Адамдарға көмектесу үшін тіл үйренгім келді дейді.

Қазақстандықтар Оң­түс­тік Кореяға ем алу үшін жиі барады. Бір басы­лым­нан Сеулде емделіп жатқан жүре­гі ауыратын қазақ баласының сұх­батын оқыдым. Емхана әкім­ші­лігі балаға дәрігерлермен сөйлесу оңай болсын деп орысша сөйлейтін ау­дар­машы қызметін ұсыныпты. Алайда бала орысша білмейді екен. Бірақ емі сәтті өткен, бала да жазылып шыққан. Кейін ол дәрігерлерге алғыс айтып тіл жағынан қи­налғанын айтқан. Орыс­ша дұрыс түсінбеген соң ай­на­ласымен емін-еркін сөйлесе ал­мағанын айтыпты. Сұхбатты оқы­п, қазақ тілін меңгеріп, Оңтүстік Кореяға ем-дом алуға келетін балаларға кө­мектесетін маман боламын деп шеш­тім. Бұған қоса Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ын­­­тымақтастықты нығайтуға өз үлесімді қос­қым келді. Кореяға қазақ тілін бі­летін маман керек шығар деп ой­ладым. Мектепте оқып жүргенде Кеңес Одағы кезінде корейлердің Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға жер ауда­рыл­ғаны туралы да оқығанмын. Сол кезден бастап Қазақстан деген мемлекетті танып-білгім кел­ді, — дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда өзі оқып бітірген Хангук университетінде қазақ тілімен қатар өзбек тілі де оқытылады. Ол оқу бағдарламасына көңілі толатынын айтты.

Хангук шет тілдері универ­си­теті – Оңтүстік Кореядағы тіл маман­да­рын даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі. Орта Азия фа­культетінде қа­зақ және өзбек тілі са­бақтары өтеді. Факультетті Қа­зақстанда оқыған, қазақ ті­лін жақсы меңгерген корей ғалымы бас­қарады. Ол кісі ұстазы, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық уни­верситетінде профессор қыз­ме­тін атқарған Әлия Құрышжанды біздің университетте са­бақ беруге шақырған. Университетте қазақ тілін мық­ты оқытады деп нық сеніммен айта аламын. Себебі ұстазымыз Әлия Құрышжан –  өте білікті оқытушы, қазақ тілін оқытуда өзіндік әдіс­темесі бар маман, — дейді ол.

Нұрай, қазақ-корей сөздігі
Нұрай Әлия апайымен. Фото жеке архивінен

Нұрай Әлия апайымен әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Ол оқытушысы балаларға тіл үйретем деп көп тер төккенін айтады.

Ол кі­сі бізді Америкада арнайы әзір­лен­ген оқулықтар боЙЫНША оқытты. Оқу материалдарының басым көп­ші­лігін өзі әзірледі. Бұған қоса Қа­зақстанның Оңтүстік Кореядағы ел­шілігінен де материалдар алдырЫП ОТЫРДЫ. Қазір өзім қазақша еркін сөйлей аламын. Бұл әуелі сол Әлия апайымыздың арқасы, — дейді Нұрай.

Нұрай корей елінде Орта Азия тілдеріне қызығатындардың саны артып келеді дейді. Оның тобында шамамен 30 адам болған.

Жартымыз өзбек, жартымыз қазақ тілін таңдадық. Өкінішке қарай, оқуды аяқтаған соң, мамандық бойынша тек екі-үш адам жұмыс істеді. Бірақ жылдан-жылға Кореяға баратын қазақтар саны артып жатқан сияқты. Қазақстанда да кореялық компаниялар ашылып жатыр. Сондықтан екі елді байланыстыратын аудармашы мамандарға да сұраныс арта береді деп ойлаймын. Бұған қоса Орта Азия факультетінде оқыған соң, біз тілді ғана емес, Орта Азия елдерінің Оңтүстік Кореямен сая­си және әлеуметтік байланысы бойын­ша да білім алдық. Сондықтан бұл мамандар жұмыссыз қалмауы керек, — дейді корей қызы.

Нұрай, қазақ-корей сөздігі
Фото жеке архивінен

Нұрай қазақ тілін үйрену корей ұлтына аса қиынға соқпауы керек деп есептейді. Оның айтуынша екі тілдің грамматикасында аса айырмашылық жоқ.

Екі тілдің грамматикасы ұқсайды. Кейде апайымыз орыс тілінде жазылған оқулықтарды әкелетін. Ол бойынша оқу, үйрену қиын еді. Қазір де Қазақстанда біреу орысша сөйлесе, қиналып қаламын. Адам не айтып жатқанын түсінемін, бірақ әлі сөйлей алмаймын, — дейді ол.

Нұрай екі ұлттың тілінен басқа да ұқсастықтар көп дейді. Ол дәл осы себептен тіл үйрену процесі қызық болды деп есептейді.

Біз (корей ұлты — ред.) бала туғанда оған есім беруге қатты мән береміз, асқан жауапкершілікпен қараймыз. Оның атын болашағымен байланыстыруға тырысамыз. Бұл жауапты іс әдетте әулеттің үлкендеріне тапсырылады. Қазақтарда да солай екен. Сонымен қатар қазақтар нәресте дүниеге келгеннен кейін алғашқы 40 күнінде қатты күтім жасайды екен. Бізде де солай. Бірақ бізде 40 күн емес, 100 күн бойы күтініп, далаға шықпайды. Осы мерзім өткеннен кейін ғана туыс-туғанды, дос-жаранды жиып, таныстырып, баланы көрсетіп жатады. Білуімше, қазақ ұлты да бала қырық күнге толғанда кішігірім жиын өткізіп, «қырқынан шығарады«, — дейді Нұрай.

Ол кез келген тілді үйрену үшін, мәдениетін біліп, ұлтты тану үшін әуелі өзіңе таныс, өз ұлтыңмен ортақ тұстарын іздеген дұрыс екенін айтады.

Қазір корей мәдени орталығында екі ел арасындағы іс-шаралар ұйымдастырушысы болып істеймін. Корей мәдениетін қазақтарға түсіндіруім керек, кейде керісінше Оңтүстік Кореядан келген қонақтарға қазақтар жайлы айтып беремін. Екі мәдениет өкілі бір-бірін жақсырақ түсінуі үшін ұқсастықтарға қатты мән беремін. Осы ортақ нүктелер екі жақты жақындастыра түсетіндей көрінеді. Жаһандану заманында бір-бірімізді жақсырақ білген, ұқсас тұстарымызды анықтап, жақын болған жақсы ғой, — дейді ол.

Нұрай, қазақ-корей сөздігі
Фото жеке архивінен

Нұрай қазақ-корей сөздігін жасауды армандайды. Ол бұл оқу құралының барынша жеңіл болғанын қалайды.

Қазақ тілін үйрене бастағанда туған ең үлкен арманым — қазақ-корей сөздігін құрастыру. Мұны әзірлеуге әзірге білімім де, қаражатым да жетпейді. Өкінішке қарай, қазір Оңтүстік Кореяда түрлі тілдің сөздігі бар. Бірақ қазақ-корей сөздігі өте аз. Өзім оқығанда да іздегенімді таба салатын бір жинақ болса ғой дейтінмін. Бірнеше жылдан кейін бұл арманым да орындалар. Әзірге білімімді толықтырып, маған осы мақсатта көмектесе алады-ау деген мамандарды іздеп жүрмін. Бір өзім осындай үлкен дүниені жасай алмасым анық. Сондықтан, әуелі, білікті тіл мамандары керек, — дейді корей қызы.

Нұрай өз бетінше сөздіктің форматын да ойластырып қойған. Ол бұл тек сөздер тізімі емес, жаңаша құрал болады дейді.

Мүмкін болса, суреттері бар, иллюстрациялары бар сөздік болғанын қалар едім. Бұл да тіл үйрену процесін жеңілдетеді. Бұған қоса жалпы бір жинақ емес, тақырыптық сөздіктер жасағым келеді. Әсіресе, күнделікті қолданатын сөздер жинағын жасау керек деп есептеймін. Себебі тілді енді үйреніп келе жатқан адамның қолына мыңдаған сөз қамтылған сөздікті беру қате сияқты. Тәй-тәй басқан адамды бірден далаға шығарғанмен бірдей ғой, — дейді ол.

Нұрай, қазақ-корей сөздігі
Фото жеке архивінен

Нұрайдың Қазақстанда тұрып жатқанына төрт жарым жыл болған. Ол мұнда алғаш келген күндерін еске алды.

Алғаш рет Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі өткенде Оңтүстік Корея павильонын таныстыру үшін келгенмін. Көрменің еріктісі болу үшін Сеулде үлкен емтихан ұйымдастырылды. Сынақтан өткенде қатты қуандым, — дейді ол.

Нұрай осы сапарында Қазақстанда тұрып көргісі келетінін түсінген. Оқуын бітірген соң бірден сол арманын орындаған.

Оңтүстік Кореяға жарты жылда бір барып тұрамын. Бірақ түбегейлі қайтуды әзірше жоспарлап отырғаным жоқ. Астана ұнайды. Қазақстандағы өмірге де бірден сіңіп кеттім. Түріміз де ұқсайды ғой. Оның үстіне қазақ жастарының көбі корей тілін біледі екен. Бұл — біздің дорамалардың жетістігі деп түсіндім. Қазақтар менің ана тілімде сөйлеп, көмектесіп тұрғаны сияқты, мен де қазақ тілінде еркін сөйлеп үйренгім келді, — дейді ол.

Нұрай алғашында біраз қиналғанын да айтты. Ол қазақ мәдениетін қатты жақсы көрсе де, тағамдарға әлі үйренісе алмаған.

Шынымды айтсам, адамдар осынша көп ет жей алады деп ойламаппын (күліп). Мен өмір бойы көкөніс, буға пісірілген тамақ жеп өскен соң, қазақтың ұлттық тағамдарына асқазаным үйренісіп кете алмады. Еттің дәмі қатты ұнайды, бірақ асқазаным көтере алмайды, — дейді ол.

Жақында Нұрайдың ата-анасы Қазақстанға қыдырып келді. Оның айтуынша, оларға Алматының табиғаты қатты ұнаған.

Нұрай, қазақ-корей сөздігі
Ата-анасымен бірге Алматыда. Фото жеке архивінен

Ата-анам «елге қайт» деп қоймайды (күліп). Болмаған соң, жақында өздері келіп кетті. Алғаш рет келгендіктен, Алматыны көрсетуге асықтым. Табиғатын, тауларын қатты ұнатты, — дейді Нұрай.

Нұрай жақында ғана ата-анасын шығарып салып, өзі Астанаға қайтты. Ол алдағы төрт-бес жылда қайтар жерім тек Астана деп отыр. Осы уақыт ішінде қазақшасын әбден жетілдіруге күш салмақ. Сол үшін аудиомен алынған осы сұхбатты да диктофонға жазып алып, кейін тыңдап, қатесін түзейтінін айтты.