Кейінгі жылдары кино саласындағы дорама жанры дүниежүзіндегі қалың көрерменді өзіне баурап алды. Бұл қандай жанр? Оның несі ерекше? Дорама Қазақстанға қалай келді? Бүгінгі материалда 100-ден астам дорама көрген жанкүйер ретінде осы жанр, соның ішінде Оңтүстік Кореяның дорамалары туралы тарқатып жазамын. 

Дорама деген не және ол қалай пайда болды?

«Дорама» сөзі жапонның テレビドラマ — тэрэби дорама, ағылшынның drama деген сөзінен шыққан. Алғашында дорама деп Жапонияның танымал, рейтиңі жоғары сериалдары айтылатын. Кейін оның ауқымы кеңейді, қазір бұл термин Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань сияқты Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің телесериалдарына да қолданылады. Оның көбі жапон мангасы, комиксі, вебтуны негізінде түсіріледі. Мысалы, «Ыстық ұя» сериалы корей жазушысы Вон Су Енның мангасы бойынша түсірілген.

«Ыстық ұя» дорамасы мен мангасының мұқабасы

Оңтүстік Кореяда алғашқы телесериал 1960-жылдары экранға шықты. Дегенмен ол уақытта мемлекет телевизия саласын қатаң бақылады, теледидар да көп адамда болмады, сол себепті сериал ауқымды аудитория жинамады. 1970-жылдары халықтың көбі теледидар көре бастаған соң, киноиндустрия жанданды. Бірақ ол кездегі фильмдер мен сериалдар пропаганда құралы ретінде пайдаланылды. Ел батырлары сериалдардың тақырыбына арқау болды.

1980-жылдары Оңтүстік Корея нарығына түрлі-түсті теледидар жетті. Бұл кездегі телехикаяларда қала тұрғындарының сағынышын оятатын ауыл өмірі бейнеленетін. Мәселен, сценарист Ким Су Хенның 1987 жылы түсірген «Махаббат және амбиция» дорамасы рейтиңнің 78%-ін жинап, Оңтүстік Кореяның коммерциялық сериалының тарихында маңызды кезең болып қалды.

1990-жылдары технология дамыды, мемлекеттік арнадан бөлек жекеменшік арналар ашыла бастады. Сөйтіп дорама жанры қарқын алды. Содан бері жүздеген, тіпті мыңдаған дорама түсіріліп, қалың көрерменге жол тартты. Бүгінде дорама жанрының танымал екені соншалық, оны америкалық ойын-сауық Netflix компаниясы бірлесіп түсіріп жүр.

Әдетте, Оңтүстік Корея дорамалары 8,12,16,24 сериядан тұрады. Бұл жанрдың ерекшелігі — сериал уақытының ұзақ емес екені. Сериалдың бір шығарылымы бір сағат қана. Бірнеше маусымға және әр сериясы екі жарым сағатқа созылатын түрік сериалдарымен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Дораманың ерекшелігі қандай?

Көбі «Дораманы таң атырып көретіндей ерекшелігі неде?» деп сұрайды. Меніңше, оның бірнеше факторын атауға болады.

Сезімге аса мән беруі

Адамдар «дорама көретін қыздар қияли» деп жатады. Оған дорама сюжетінің әсері болуы мүмкін. Себебі дораманың басым көпшілігінде таза, пәк, мөлдір махаббат көрсетіледі. Сценаристер мен режиссерлар «өмірде қандай қиын жағдай болса да, махаббат бәрін жеңеді» деген ойды негізгі идея еткендей. Әрине, кейбірі мұны шынайы өмірден алшақ нәрсе деуі мүмкін. Дегенмен бұл адамдардың махаббатқа сенуіне, мейірімді болуына септігін тигізері анық.

Бір қызығы, дорамадағы кейіпкерлердің сезімге ерік беретіні соншалық, көбі түсірілімнен соң, шынайы өмірде жұп болып, қосылып жатады.

«Кумихо туралы аңыз» дорамасы

Сексуал бейненің аз көрсетілуі

Батыс сериалдарында сексуал, ашық сахналар көп болса, Оңтүстік Корея дорамалары интим сахналарды өте аз көрсетуге тырысады. Тіпті, бас кейіпкерлердің сүйіскен сәтін көп көре бермейсіз. Дорама фанаттары кейіпкерлер 16 серияның шамамен ортасында ғана бірін-бірі өпкенін ерекше толғаныспен тамашалайды. Бір қызығы, дорама осы тұсымен де ерекше. Себебі көрермендер осы сәтті, сериалдың шарықтау шегін асыға күтеді.

Дегенмен кейінгі күндері ашық сахналар да жиі көрсетіліп жүргені рас. Оған қоса сериалдар да феминист көзқарас, ЛГБТК+ өкілдерінің құқығы мәселесін көтере бастады. Бұл көрерменнің пікірін екіге жарды. Бірі бұл тенденцияны қолдаса, енді бірі наразылығын білдіреді. Меніңше, мұндай тенденцияның қалыптасуының бір себебі — корей сценаристерінің Netflix командасымен бірлесіп істеуі. Әрине, бұл — тек менің ойым.

«Гүлден де әдемі жігіттер» дорамасы

Өз мәдениеті мен наным-сенімін насихаттауы

Кез келген ел өкілдері кино арқылы өз мәдениетін, салт-дәстүрін, наным-сенімін насихаттайды. Бұл — Оңтүстік Корея дорамаларында да бар жайт. Бір-бірімен иіліп амандасуы, тойда құдалардың ұлттық киімі — ханбокты киюі, жас жұбайлардың бал айынан соң екі жақтың ата-анасының үйіне келіп, арнайы сәлем беруі, туған күнінде балдыр сорпасын ішуі — осы салттың бәрін дорамадан білдік.

"Екітүрлі келін" дорамасы
«Екітүрлі келін» дорамасы

Дорамаға қарасақ, корей халқының көбі реинкарнацияға сенеді. Реинкарнация — діни философиялық идея. Бұл ұғым бойынша, адамның денесі өлгенімен, жаны өлмейді де, басқа денеге ауысып, өмірге қайта келеді. Реинкарнация Оңтүстік Кореяның бірқатар дорамасының тақырыбына негіз болған. Мысалы, «19-өмірімде кездесеміз», «Кумихо туралы аңыз», «Алқызыл жүректер», «Ертең», «Дель Луна қонақүйі», «Гоблин», «Хваюги» және тағы басқасы.

Тарихын насихаттауы

«Дорама тек махаббат жайлы» деген — жаңсақ пікір. Оңтүстік Корея дорама арқылы өз елінің тарихын насихаттайды. Әдетте, олар Чосон дәуірін (Чосон — Оңтүстік Кореяның бұрынғы атауы), Когуре империясының өмірін (Чосонға дейінгі Корей түбегіндегі мемлекет) көп бейнелейді. Әрине, кей дораманың басында «оқиғалар мен кейіпкерлердің ойдан шығарылғаны» ескертіледі. Дегенмен сценаристің фантазиясымен бірге шынайы өмірдің көрінісі де бар.

Дорамада сол дәуірдегі корей халқының мәдениеті, тыныс-тіршілігі, хандардың таққа таласы, Қытай империясымен қарым-қатынасы көрсетіледі. Осылай, басқа елдің азаматтары дорама арқылы Оңтүстік Кореяның түпкі тарихымен танысады. Оның үстіне, сценаристер тарихи оқиғаларды әзіл-оспақпен түсіруден қорықпайды.

«Чорин патшайым» дорамасы

1930-1933 жылдардағы геноцид — ашаршылық кезеңі қазақтардың әлі күнге дейінгі жазылмаған жарасы болса, корейлер үшін 1910-1945 жыл аралығы — ауыр кезең. Себебі бұл уақытта олар Жапонияның отары болды. Осы кезеңде отаршыл билік авторитар жүйемен басқарып, корей халқын мәдениеті мен ұлтына байланысты алалады. Корей тарихында бұл жыл «жапондықтардың корейлерге геноцид жасаған кезеңі» ретінде қалған. Бұл тарихи оқиғаны «Кумихо туралы аңыз — 2», «Кунхам: шекаралы арал» дорамаларының сюжет желісінен байқауға болады.

«Кунхнам: шекаралы арал» дорамасы

Дорамада Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяның саяси жағдайы, екі елдің қарым-қатынасы да көрсетіледі. Мәселен, бұл «Махабаттың апатты қонысы», «Айрис», «Тыңшы мен Воль», «Екі жүрек патшалығы» сияқты дорамалардың тақырыбының арқауы болған.

«Махабаттың апатты қонысы» дорамасы

Тақырыбы саналуан екені

Дораманың жанры саналуан: комедия, триллер, хоррор, фантастика, мелодрама және тағы басқа. Кейінгі күндері экранға фантастика жанрындағы дорамалар көп шығып жүр. Мысалы, 2022 жылы көрермен көзайымына айналған «Кальмар ойыны» сериалы да — дорама.

Оған қоса сериалдарда елдегі саяси мәселе, адам құқығы, мектептегі буллиң, зорлық-зомбылық мәселесі де көтеріліп жүр.

Дораманың бір ерекшелігі — бірнеше жанрды ұштастыра білуі. Мысалы, тарихи оқиға фантастика арқылы көрсетілуі мүмкін.

«Кальмар ойыны» дорамасы

Дорама және Қазақстан

Оңтүстік Корея сериалдары дорама ретінде танылмай тұрып та, Қазақстан арналарынан көрсетілетін. «Ва банк», «Ханзада Жумоң», «Мұзды жарып шыққан гүл», «Тәуіп Хожун», «Сондок патшайым» — Қазақстанда ең алғаш танылған дорамалар.

Кейін жастардың өмірі туралы «Гүлден де әдемі жігіттер» дорамасы экранға жол тартты. Қазақстандық қыздар да бас кейіпкер жігіттердің сымбатына тамсанды. Осыдан кейін корей актеры Ли Мин Хоның фанаттарының қатарына қазақстандықтар да қосылды. Осы сериалдан соң Ли Мин Хо «Мұрагерлер» деген дорамаға түсті. Екі сериалдан соң Қазақстанға дорама кеңінен танылып, тек теледидар емес, әлеуметтік желі арқылы корей сериалдарын тамашалайтындар көбейді.

Кейінгі жылдары Кореяның киноиндустриясы үлкен серпіліс жасады. Себебі 2020 жылы «Пентхаус» дорамасы, 2022 жылы «Кальмар ойыны» кинотуындысы бұл жанрға мүлдем қызықпайтындардың да назарын аударды. Оның ішінде еліміздің көрермені де бар.

«Кальмар ойыны» дорамасы

ТОП-5 дорама

Оқырманға өзімнің ең сүйікті ТОП-5 дорамамды ұсынамын.

«Күн ұрпақтары» («Потомки солнца»)

Дорама әскери жігіт пен дәрігер қыздың махаббаты туралы. Екеуі кездейсоқ ауруханада танысып, бірін-бірі ұнатады. Дегенмен түрлі жағдайға байланысты кездесулер үзіле беріп, қарым-қатынас құра алмай, екеуі екі жаққа кетеді. Біраз жылдан соң екеуі азаматтық соғыс пен табиғи апат болып жатқан Урук елінде (ойдан шығарылған мемлекет) кездеседі. Арнайы жасақтың капитаны Ю Си Джин шекараны қорғап, адамдарды өлтіруге мәжбүр, ал дарынды хирург дәрігер Каң Мо Ен адамдардың өмірін сақтап қалу үшін күреседі. Екеуінің махаббаты қарама-қайшы мақсаттарын біріктіре ала ма? Дораманы көріп, біліңіз.

Айтпақшы, осы сериалдан соң бас кейіпкерлер бір-біріне ғашық болып, 2017 жылы отау көтерген. Сөйтіп олардың шаңырақ көтеруі «Жыл тойы» атанған. Дегенмен екі жылдан кейін жұп ажырасып кетті.

«О менің, Шолпаным» («О, моя Венера»)

Адвокат Кан Джу Ын мектепте оқығанда хас сұлу еді. Бәрі оған ғашық болатын, оны аспандағы Шолпан ғаламшарына теңейтін.  Бірақ жылдар өткен соң ол қатты толып кетеді. Жұмысы қарбалас Кан Джу Ын ашуланса, мазасы кетсе, тамақ жей береді. Шамадан тыс тамақ ішкен соң артық салмақ қосады. Онсыз да дене бітіміне байланысты күйзелісте жүрген қызды мектептен бері жүріп жүрген жігіті тастап кетеді. Жігітінің сатқындығы қызға ауыр соққа болады.

Дәл сол уақытта ол әлемге әйгілі фитнес-жаттықтырушы Ким Ен Хомен кездейсоқ танысады. Мұны мүмкіндікке балап, жаттықтырушыдан арықтауға көмектесуді сұрайды. Ким Ен Хо қызға көмектесе ме? Қалай ойлайсыз? Дораманы көріңіз.

«Пентхаус»

«Оңтүстік Корея дорамаларында мінсіз өмір, пәк махаббат қана бейнеленеді» деп ойласаңыз, қателесіз. 2020 жылы көрерменге «Пентхаус» сериалы жол тартты. Бұл пандемияда үйде жатқан көптеген көрерменді баурап алды. Адамдардың сериалға қызыққаны сонша, дораманың үш маусымы түсірілді. Ал бұл — Корея индустриясында сирек кездесетін жағдай.

Сатқындық, зұлымдық, ашкөздік, эгоизм, көреалмаушылық — адам бойында болуы мүмкін жаман қасиеттің бәрі осы дорамада ашық көрсетіледі. Сеулдің қақ ортасындағы үлкен пентхауста тұратын байлардың тартысты өмірі баяндалады. Бір қызығы, осы дораманы тамашалаған кейбір адам Сеулден сол пентхаусты іздеген екен, бірақ шын мәнінде ол ғимарат компьютер арқылы жасалған еді.

«Ча Чжон Сук дәрігер» («Доктор Ча Чжон Сук»)

Бұл — отбасы мен бала-шаға қамын ойлап, 20 жылы қалай өтіп кеткенін, өмірін өзіне мүлдем арнамағанын түсінген Ча Чжон Сук деген әйел туралы дорама. Ол аздай, бауыр ісігіне шалдыққанын біледі.

Дораманың ұнағаны — бас кейіпкердің ештеңеге қарамастан өз бақытын іздейтіні, өзін бірінші орынға қойып үйренетіні, арманын орындайтыны. Дорама күлдіріп отырып, жылатады.

 

«Махаббаттың апатты қонуы» («Аварийная посадка любви»)

Бұл дорама Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяның шиеленіске толы, қиын қарым-қатынасын көрсетеді. Дораманың бас кейіпкері — Оңтүстік Кореядағы бай отбасының мұрагері Юн Се Ри. Ол компаниясы өндіретін парапланды тестілеп жатқанда ауа райы бұзылып, жел тұрып, байқаусызда Солтүстік Кореяның шекарасына қонады.

Оны Солтүстік Корея офицері Ли Чон Хек байқайды. Офицер шекараны заңсыз бұзған оңтүстік кореялық қызды басшылыққа ұстап беруіне болар еді, бірақ ондай жағдайда қол астындағы әскери қызметкерлер шекараны дұрыс қорғаманы үшін қызметінен айырылуы мүмкін. Енді олар қайтпек? Дорамадан тамашалаңыз.

Бас кейіпкерді сомдайтын актерлар бұған дейін де бірге түскен. Бірақ дәл осы дорамадан соң олар бірін-бірі ұнатып, үйленеді. Қазір олардың бір баласы бар.