Басты бетБастыЕлімізде ашаршылық...

Елімізде ашаршылық туралы тағы бір фильм прокатқа шығады

Алматыда ашаршылық туралы «Жел тоқтаған жер» деген фильмнің жабық көрсетілімі өтті. Фильмде сол заманның, ашаршылықтың зардабы, әрбір қазақтың басынан өткен жайт көрсетілген. Baribar.kz тілшісі жабық көрсетілімге барып, режиссермен, көрерменмен сөйлесті.

Фильмде ХХ ғасырдың 30-жылдарында болған ашаршылық заманы көрсетілген. Жұпар деген әйел екі кішкентай баласын алып, жалған айыппен Сібірге жер аударылған күйеуін іздеп, Жел тоқтаған жер деген ауылға жолға шығады. Жолда ол нешетүрлі жағдайға тап болып, қиын сәттерді бастан кешеді. Фильм ақ-қара форматта түсірілген.

Жобаның сценарий авторлары мен режиссерлары — Ардақ Әмірқұлов пен Бағлан Құдайберлиев. Басты рөлдерді Жанар Шопанова, Салих Бейсенбай, Мейіржан Мұсақожа және басқалар сомдап шықты.

Режиссер Ардақ Әмірқұловтың айтуынша, фильм 2022 жылғы қыркүйектен бастап, 2023 жылғы ақпанға дейін түсірілген. Түсірілімді бітіріп, көктемде материалды монтаждап, фильм толығымен маусымда аяқталған.

Ардақ Әмірқұлов.
Ардақ Әмірқұлов. Фото жеке архивінен

Фильмдегі оқиғаны, идеяны бізге бір жас жігіт ұсынды. Сол заманда осыған ұқсас оқиға көп болды. Уақыт өте келе ашаршылық туралы әңгімелер ауызша тараған. Шынымды айтсам, сценарий жазған кезде, бұл оқиға талай өзгерді. Соңында бастапқы оқиғадан ештеңе қалмады. Одан тек ашаршылық туралы идеяны алып қалдық, — дейді Ардақ Әмірқұлов.

Режиссер белгілі бір ақпаратқа сәйкес келетін оқиғаны көрсетуге тырыспағанын айтты. «Жел тоқтаған жер» деректі фильм емес, көркем фильм. Ақпаратқа сүйеніп туынды жасау — құжатшылардың жұмысы.

Оның сөзінше, сол уақытта адамдардың ең осал тұсы балалар болған. Ашаршылық кезінде балалар өте жиі қаза болатын. Мұның бәріне тамақтың жетпейтіні, иммунитеттің әлсіз екені және дәрі-дәрмектің болмағаны әсер етті. Балалар ауырып, әлсіреп, ақыры соңыда адамдарға азық болатын.

Ашаршылық мен үшін үлкен жұмбақ болғандықтан, осы тақырыпқа байланысты фильм түсірем деп шештім. Ашаршылық қалай, неден, не себепті басталғаны, адамдар қалай аман қалғаны — үлкен сұрақ. Сол заманда адамдар қалай өмір сүргенін түсінбеймін, — дейді ол.

Режиссер бір жағынан ашаршылықтың рухын көрсеткісі келген. «Жел тоқтаған жер» — қазақ халқы алға қарай ұмтылуға күш беретін фильм. Мәселен, осындай қиын жағдайда, азық жоқ кезде адамдар бір амалын тауып, аман қалды.

Өзім ашаршылық туралы не ойласам, соны кино арқылы көрсеткім келді. Қазақ халқына «ештеңеден қорықпай, барлық қиыншылықтан өте аламыз» дегім келеді, — дейді режиссер. 

Маманның айтуынша, мұндай киноны психологиялық тұрғыда түсіру қиын. Мәселен, фильмдегі кейбір эпизодта ашаршылықтың салдарынан азап көрген адамдардың сезімі, оқиғалары көрсетіледі.

Сценариін пандемияға дейін жаза бастадық, бірақ бірнеше фильм түсіруге тура келіп, ол жұмыс уақытша үзілді. Шабытым да болмады. Сөйтіп кейінірек фильмді түсіру уақыты келгенін сезіп, «Жел тоқтаған жерге» кірістік, — дейді маман.

Ардақ Әмірқұлов басты кейіпкер мақсатына жеткенін көрсетіп, фильмнің сәтті аяқталғанын қалаған.

Жабық көрсетілім аяқталғаннан кейін көрерменнің пікірін сұрадық. Аққу Рахметқалидің айтуынша, фильм ашаршылық атмосферасына енгізіп жіберді. Оның үстіне фильм ақ-қара түсті форматта түсірілгені ерекше, шынайы әсер берді.

Фильм ұнады, актерлар рөлін жақсы сомдап шықты. Қорқынышты болды, аянышты эпизодтар көп. Бұл фильмді барлық адамға көруге ұсынар едім. Тарихымызда болған жағдайды біліп, ұмытпауымыз керек, — дейді көрермен.

Оның айтуынша, «Жел тоқтаған жер» — мақтауға тұрарлық фильм. Себебі кейінгі жылдары еліміздің режиссерлары көбіне көңіл көтеретін комедия түсіріп жатыр. Қазір тарихқа байланысты фильм керек екенін айтты.

«Жел тоқтаған жер» қарашада прокатқа шығады.

***

Тағы оқыңыз: 

Көрермен «Міржақып. Оян, қазақ» фильміне не үшін жаппай барып жатыр? Кинотанушы талдап берді