Кинорежиссер Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян қазақ» туындысы әуелі сериал болып түсірілді. Сөйтіп Nauryz сериалдар бәйгесінде «Үздік тарихи сериал» аталымы бойынша жеңіске жетті. Ал фильмі көрермен сұраған соң, 21 қыркүйектен бастап кинотеатрда көрсетіле бастады. Көрсетілім үш аптадан бері аншлаг болып жатыр. Baribar.kz кинотанушы Алма Айдармен сұхбаттасып, туындының танымал болу себептерін талдап көрді.

Фильм үлкен экраннан 21 қыркүйектен бастап көрсетіліп жатыр. Туындының продюсері Айсәуле Әбілда әлеуметтік желідегі жазбасында кинотеатр ұжымы «бір апта көрерменнің келу ауанын» бақылап көретінін жазған. Алғашқы апта аншлаг болған соң, фильм прокаты 4 қазанға дейін созылды. 5 қазанда көрермен фильмге билет таппай, әлеуметтік желіде көтеріліп, көрсетілімді тағы бір аптаға создырып алды. 

Танымалдықтың негізгі үш себебі

Кинотанушы Алма Айдар «Міржақып. Оян, қазақ» фильміне қатысты мұндай сұраныстың себептерін талдап берді. Оның айтуынша, бұған әсер еткен үш негізгі фактор бар.

Әуелі бұл туындының маркетиңі жақсы ойластырылғанын айтқан дұрыс. Әлеуметтік желі арқылы танымал тұлғалар жеке парақшасында бөлісіп, үлкен челленжге айналып кетті. Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасалған соң, фильмнің танымал болғаны табиғи нәрсе сияқты көрінді. Кейін ол челленжге халық та қосыла, бұл үлкен толқынға ұласты. Осылай, фильм авторлары әлеуметтік желіні ұтымды пайдалана алды, бұл да — тапқырлық, — дейді Алма Айдар.

Эксперт фильм халықтың қазіргі уайымын, проблемасын дөп басты деп есептейді. Оның айтуынша, бұл фильмге барған көпшілік өзін тануды мақсат етеді.

кинотанушы, "Оян, қазақ" фильмі
Алма Айдар/ Фото: Baribar.kz

Туындының осынша танымал болуына әсер еткен тағы бір фактор — көрермен көкейіндегі ойды қамтығаны. Жаһандық геосаяси ахуал аясында қоғамда «Біз кімбіз?» деген сұрақ аса маңызды бола бастады. Әркім кімдігін іздеп, іштей өзінен «Бізге кім дос, бізге кім қас?» деп сұрайтын болды. Көрермен «Міржақып. Оян қазаққа» сол сұрағына жауап іздеп барды, — дейді ол.

Кинотанушы фильмнің көркемдік құрылымы аса кәсіби жасалғанын айтады. Оның айтуынша, мазмұны жұтаң туынды болса, әлеуметтік желі де, саяси ахуал да бір басына қазіргідей сұраныс алып келе алмас еді.

Фильмнің көркемдік жағы керемет ойластырылған. Туындының драматургиясы, мазмұны, сапасы жақсы болмаса, әлеуметтік желі де, сатып алынған жарнама да көмектеспес еді. Көрермен арасында мұндай резонанс да тумас еді, — дейді ол.

"Міржақып. Оян, қазақ", Оян, қазақ фильмі
Фильм кадры. Міржақып Дулатұлы

Кинотанушы кейіпкерлердің диалогтары әсерлі шыққанын айтады.

Туынды авторлары диалогқа қатты мән берген болуы керек. Себебі тіл ерекшеліктерін, архаизм сөздерді де ескерген. Фильмнің тілін бір ғасыр бұрынғы қазақшаға келтіруге тырысқан. Сондықтан туынды шынайы шыққан. Өз басым көп тарихи туынды осы тіл ерекшелігіне қатты мән бермеген соң, аса шынайы шықпай жатады деп есептеймін. «Оян, қазақ» осы бөлік арқылы көрерменді сюжетке сендіре білді, сөйтіп адамның эмоциясын оята алды, — дейді маман.

Алма Айдар фильм суретшілерінің жұмысына көңілі толғанын айтады. Фильмде сол заманның бояуы, дыбысы жақсы берілгені де көрерменді сюжетке сендіруге әсер етеді.

Драматургиялық шешімдер

Маманның айтуынша, туындының сценарий авторы қазақ киносында көп көріне бермейтін бір тәсілді қолданған.

Кейіпкерлердің мінезін бергенде әдемі диалог, сол заманды, кейіпкерлерді ашу үшін шиеленіскен сәттерді қосқаны да керемет шыққан. Түрік сериалдары көрерменді сол шиеленісті ширатқанымен-ақ баурап алады. Біздің кинода сол жетіспейтін. Ал «Оян, қазақ» сол олқылықтың орнын толтыруға тырысыпты, — дейді ол.

Маман көркемдік тәсіл, режиссер мен сценаристің тапқырлығы бірінші кадрлардан-ақ байқалады дейді.

кинотанушы, "Оян, қазақ" фильмі
Алма Айдар/ Фото: Baribar.kz

Фильмнің басталған кезі, бірінші эпизодтары да шебер ойластырылған. Базарбай дейтін кейіпкердің халық алдындағы монологы өте ұтымды, әсерлі шыққан. Басында оның жүзін көрсетпегенінің өзі бірден көрермен ойына «Кім екен?» деген сұрақты салып, назарын аудартады. Мұндай тәсіл нағыз Міржақыпты көрсетерде де қолданылған, — дейді ол.

Актерлық құрам

Алма Айдар актерлық құрамға қатысты да талдау жасап берді. Оның айтуынша, кейіпкерлердің бәрі бірдей сенімді шықпаған.

Міржақып Дулатұлы. Оян, қазақ
Фильм кадры. Міржақып Дулатұлы

Жалпы актерлардың ойыны да сәтті шыққан, кәсібилігіне қатысты айтарым жоқ. Ешбірінен «актерлық» пафос сезілмейді, бәрі шынайы, табиғи ойнап шыққан. Бірақ көркемдік шындық дегенде ең ұсақ бөлікке дейін мән беру керек. Бұл тұрғыда Міржақыптың бейнесіне ешқандай күмәнсіз сендім. Алайда Гаяның экрандық бейнесіне аса сене алмадым. Ол заманның бойжеткені үшін Гаяның қысқа шаш үлгісі аса келмейтіндей көрінді. Авторлар естелік суретке қарап жасаған болуы мүмкін. Бірақ ол суретте маған шашы қысқа емес, жай артқа қайырылып тұрғандай көрінді. Ол кездері қазақ екі жағдайда ғана шаш жайғаны жайлы ырымның салмағы баршылық еді. Бірі – елді жау шауып, ел иесіз қалғанда, екіншісі – күйеуі мезгілсіз қазаға ұшырағанда әйелдер шашын жайып жоқтаған дейтін. Әрине ол жағдайдың бетін аулақ етсін. Сондықтан осы тұсы ескерілмей қалған сияқты болып көрінді. Дегенмен күйеуге шыққаннан кейінгі кейпі әлдеқайда сенімді шықты, — дейді кинотанушы.

Ғайнижамал Досымбекова (Гая). Фото: «Алаш» электрон кітапханасы

Оның айтуынша, туындыда кинода көп көріне бермейтін актерлардың болғаны да сұранысқа оң әсер еткен.

Кино әлемінде «жұлдызды кино» деген түсінік бар. Көрермен сол сүйікті артисін тамашалауға барады. Бірақ жаңалық әкелу үшін жаңа адамды ашу да — ұтымды әдіс. Бізде көрермен көзіне жауыр болатындай әлі ешкім көп түсіп үлгерген жоқ, соншалық көп тарихи туынды да түсіріп тастаған жоқпыз. Соның өзінде халыққа кеңінен танылып үлгергендер бар. Ал бұл туындыда жаңа есімдер де көрерменге ұнаған сияқты. Авторлар жаттанды бейнелерден мақсатты түрде қашқандай. Сондықтан актерлық ансамбль біршама жаңашыл шығып тұр,  — дейді Алма Айдар.

Міржақып. Оян қазақ
Түсірілім кезінде. Фото: @muraipro Instagram парақшасынан

Сериалдан фильм жасау әдісінің артықшылығы мен кемшілігі

Маман сериалдан фильм жасау үрдісі жайлы эксперттік пікірін айтты. Оның сөзіне қарағанда, мұндайда картинаның көркемдігі бұзылуы мүмкін.

Фильмді көргенде қысқартылған туынды екені көрініп тұрды. Қалай дегенмен, сериалдың аты — сериал, көркем фильмнің аты — көркем фильм. «Міржақып. Оян, қазақ» сияқты сапалы туындылар қайтадан арнайы көркем фильм болып түсірілсе, тіпті керемет дүние шығар еді. Бірақ сериалды қысқартудың өзі оңай емес. Ойды, көркемдік картинаны бөліп алмау керек. Авторлардың өзі де сонша түсірген дүниесін қимауы мүмкін, шорт кесуге қол бармайды. Бірақ бұл туынды сәтті ықшамдалған. Оның дәлелі — сол көрерменнің эмоцияға бөленгені, жылағаны, күлгені, ой түйіп шыққаны. Ой үзіліп, сөз бөлініп қалмаған, — дейді эксперт.

Алма Айдар мазмұны жағынан салмағы бар, тарихи туындыларды түсіруге көп қаражат кететінін айтады. Ол сериал көре бермейтін аудиторияны қамту үшін сериалды қиып, монтаждағанда тұрған ештеңе жоқ дейді. Бірақ кино әлемінде мазмұннан да басқа маңызды дүние көп.

Әрине, бұл тақырыпқа жеке сценарий жазылып, фильм болып түсірілсе, тіпті басқа дүние шығар еді. Себебі көркем фильм мен сериалдың форматында, көркемдік тәсілдерінде айырмашылық көп. Сериал теледидар форматына шақталып, ал фильм үлкен экранға есептеліп түсіріледі. Мизансахна, кадрдың құрылымы, кадрдағы түстер — бәрі әсер етеді. Мұның бәрі туындының сапасына, жалпы көрінісі мен түптеп келгенде көрерменге қаншалық өтімді болатынына әсер етеді, — дейді маман.

Тарихи фильмдегі цензура

Кинотанушының айтуынша, бұл туындыны бұған дейін тарихи фильмдерден ерекшелеп тұрған нәрсе  — тарихи шындық.

Біздегі тарихи фильмдердің басты проблемасы — көп нәрсені айтуға болмайтыны. Ашаршылық, тәркілеу сияқты трагедиялық кезең туралы фильмдер түсіріліп-ақ жүр. Бірақ ол фильмдердің негізі проблемасы — себептерді ашып көрсетпеуі. Ортаға мәселе тастайды, бірақ ол қайдан шыққаны, кім себепкер болғаны, не себепті жағдай осы халге жеткені көрсетілмейді. Содан көрермен түк түсінбей шығады да, тарихи туындылар прокатта ұзақ тұрмайды. Ал «Оян, қазақтың» ерекшелігі — кішкене болса да, тарихи шындықты іздеуге талпыныс жасаған. Авторлар тарихи кезеңді сараптап, себеп-салдарды анықтауға тырысқаны көрініп тұр, — дейді ол.

"Міржақып. Оян, қазақ", Оян, қазақ фильмі
Фильм кадрлары. Міржақып Дулатұлы

Маманның айтуынша, тарихи туынды тарихты мүлде оқымаған адамға да түсінікті болуы керек. Киногерлер осы тұсын ескермей қала береді.

Кітаптан оқыған себептерді экраннан көре алмаған көрермен тарихи туынды шыққанда бір рет үміттенеді, екі рет үміттенеді, ал үшіншісінде үмітін үзеді. Келесі жолы бұл жанрда түсірілген фильмге бармайды. Тарихи фильмнің өз заңдылығы бар, мұндай кинода А-дан кейін Б келуі керек. Ал бізде А-сы айтылып, Б-сы айтылмай қалады. Фильмнің басынан аяғына дейін ел қиналып, көшіп жүреді. Бірақ не үшін көшіп жатқанын, оларды кім көшіріп жатқанын айтпайды. Тарихты білсең, өзің құрастырып, жалпы фильмді түсініп аласың. Білмесең, көп сұрақпен басың қатып шығады. Сондықтан драматургия бойынша, бір тақырыптың басы ашылған соң, ол соңына дейін айтылуы керек. Көп туындыда осы нәрсе ескерілмей тұр, — дейді Алма Айдар.

Тарихи фильм және аудиторияны таңдау

Маман тарихи туынды түсіргенде нақты аудиторияның анықталуы маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, көп тарихи туындының контенті барлық жастағы көрерменді қамтуға келе бермейді.

«Оян, қазақты» көруге барғанда зал лық толы болғанын байқадым. Бұған дейін тарихи фильмдерде зал толғанын көрмеппін. Контингент те қызық, фильм барлық аудиторияны қамти алыпты. Жастар да, орта буын да, қарттар да бар. Контент мәселесіне келгенде осы жас ерекшелігіне мән беру керек. Себебі тарихи фильмнің мазмұны кейде жас балаларға кері әсер етуі мүмкін, — дейді эксперт.

Оның сөзіне қарағанда, кино өндірісінде сценарий авторына ауыр жүк артылады. Маман тарихи туынды — рухани қазына екенін, ұлтты тәрбиелеудің маңызды құралы екенін айтады. Сондықтан мұндай жанрда барлық аудиторияны қамтуға тырысу да қауіпті қадам болуы мүмкін.

«Оян, қазақ» фильмі бойынша мынаны ескерген дұрыс: кезінде елімізге орыс ұлты емес, Кремль саясаты қастандық жасады. Ұлтараздық туып, бір ұлтқа деген өшпенділікті оятып алмау керек. Сондықтан тарихи туындыға қойылатын жас шектеулері болуы қажет. Ал балаларға арналған тарихи туындыны бөлек түсірген дұрыс. Өкінішке қарай, біздің индустриямызда балалар аудиториясы қамтылмаған. Алты жасқа дейінгі балаларға аз да болса, анимациялық контент бар. Бірақ жасөспірімдерге арналып түсірілген контент жоқтың қасы. Аралары алшақ-алшақ, он жылдықта бір туындыдан ғана шығып жүр, — дейді ол.

"Міржақып. Оян, қазақ", Оян, қазақ фильмі
Фильм кадры. Міржақып Дулатұлы

Маман «Міржақып. Оян қазақ» бәрібір көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенін айтады. Ол әлеуметтік желіден жастардың қазақша сөйлеуге, тарихты оқуға құлшынысы артқанын байқаған.

Жалпы бұл туынды бұған дейін түсірілген тарихи фильмдерден оқ бойы озық тұр. Фильмнің осынша әсерлі болғанына сол заманды, сценариде жазылғанның бәрін өз көзімен көрген Гүлнар Міржақыпқызының баяндағаны да себеп болған шығар. Халық тарихқа сенді, тарихи қатені сезіне алды деп ойлаймын, — дейді ол.

Алма Айдар қазақ көрерменінің белсенділігіне әсер еткен мұндай туынды киногерлердің тарихи фильм түсіруге деген белсенділігін, құлшынысын арттырып, енді осы жанрдағы фильмдердің бәсекелестігі пайда болуы мүмкін екенін айтады. Ал мұндай үрдіс қазақ киносын да, көрермен талғамын да өсіре түседі.

***

Тағы оқыңыз: 

Кинорежиссер Мұрат Есжан: Біз үшін әр күн — Отбасы күні