Танымал кәсіпкер Арман Тосқанбаев қосалқы бизнестерінен бас тартып, Вьетнамда өндіріс орталығын іске қосып жатыр. Мұндай түбегейлі өзгерістерге не себеп және ол кәсіпкердің табысына қалай әсер етеді? Қазақстандық «OTAN» сағат брендінің жайы не болмақ? Жас миллионер біздің редакцияға әлеуметтік желіде жария еткен шешімі туралы сұхбат берді.
Арман, бір-екі күн бұрын instagram парақшаңызда қосалқы бизнестеріңізден бас тартқаныңызды айттыңыз. Сіздің әлем бойынша 11 мемлекетте 7 компанияңыз бар. Не болғанын түсіндіресіз бе? Бұл рейдерлік жолмен басып алу шарасы емес пе?
Бақытыма орай, жоқ (күледі). Басты себеп — “Marine Health”. Компания күн санап ұлғайып келеді, сондықтан басқаларға көңіл бөлуге мүмкіндік жоқтың қасы. Шынымды айтсам, төрт жылда осындай деңгейге жетеміз деп өзім де ойламадым. Алғашында бәрі өз-өзімен дамыды. Біз өндірісті арттырып, жаңа нарықтарға шықтық, серіктестер желісін ұлғайттық. Бір сөзбен айтқанда, жан-жағымызға мойын бұрмастан, алға ұмтылдық. Ал бүгінгі таңда “Marine Health» 11 мемлекетте істейді. Біз тауар айналымы бойынша әлемнің ҮЗДІК-100 компаниясының қатарына ендік. Қазір ұжымдық басқару жүйесін енгіздік, жоспарлау мен талдаудың, тәуекелдерді басқарудың, жұмыс сапасы мен тиімділігін бағалаудың заманауи құралдарын пайдалануды меңгеріп жатырмыз. Енді бәрі басқаша. Қазіргі “Marine Health” стартап емес, өзіндік талаптары бар ауқымды бизнеске айналды.
Енді қазақстандық “Otan” сағат бренді мен басқа да компаниялардың жай-күйі не болмақ? Ұзақ уақыт бойы тынымсыз еңбектеніп келген кәсіптеріңізден бас тартуға өкінбейсіз бе?
Ол компаниялардың болашағы жарқын болады деп сенемін, жаңа қожайындары жаңаша серпін берері сөзсіз. Қосалқы бизнестерім назарымнан тыс қалып қоймай, ары қарай дамуы үшін олардан бас тарттым.
«Бәрін бір жерде ұстау» қауіпті емес пе? Әдетте, кәсіпкерлер түрлі бағыттағы қауіп-қатерден сақтану үшін кәсіптерін әртараптандыруға тырысады…
Заман өзгерді, классикалық бизнес-стратегиялардың да мәні жойылып жатыр. Оның үстіне, “Marine Health” — ерекше жоба. Көптеген қиындықтарға қарамастан, қазір посткеңестік мемлекеттер арасында көш бастап тұрмыз. Ендігі мақсат – жаһандық нарықты игеру. Бұл бағытта ерен еңбектер жасалып жатыр. Мәселен, Қазақстаннан тыс алғашқы өндірісімізді іске қостық. Логистика шығындарын азайту үшін командамыз Вьетнамда өнім шығаруға шешім қабылдады. Ол шикізат базасына да (Жапонияға), біздің нарыққа да әлдеқайда жақын. “Marine Health” қазір, тіпті, Ұлыбританияда да бар. Былайша айтқанда, мен де бұл бизнесімді әртараптандырып жатырмын деуіме болады.