Lider қаржы пирамидасының басшысы Украинадан экстрадицияланды

Lider қаржы пирамидасының жетекшісі Украинадан экстрадицияланды. Бұл туралы бас прокуратура хабарлады.

Украина бас прокурорының кеңсесі Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының Lider қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты ұстап беру туралы өтінішін қанағаттандырды.

Ол 2017-2019 жылдар аралығында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жалған жобаларға азаматтардың ақшалай салымдарын тартудың заңсыз схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде зардап шеккен 240-тан астам азаматқа 1,2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген, — делінген хабарламада.

Қылмыстарды жасағаннан кейін, ол қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, салдарынан халықаралық іздеуге жарияланған. 2023 жылғы тамызда күдіктіні Украинаның құқық қорғау органдары ұстады. Бүгін бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің қызметкерлері сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады. Қазіргі уақытта ол Астананың тергеу изоляторына қамалған.

Қылмыстарды жасағаны үшін оған бес жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.