Тель-Авивтен эвакуацияланған қазақстандықтар Алматыға жетті

Израильдегі соғыс жағдайының өршуіне байланысты сонда жүрген 124 қазақстандықты Air Astana әуе компаниясы арнайы репатриациялық рейспен елге жеткізді.

Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. 

Компанияның мәліметінше, Бен Гурион әуежайында отанына оралғысы келетін бірде-бір қазақстандық қалмаған. Сонымен қатар Израильден сол рейспен 42 шетел азаматы келген.

Тель-Авив-Алматы рейсі 10 қазан күні сағат 23.32-де оңтүстік астананың әуежайына келіп қонды. Бортта 166 жолаушы болған, оның 124-і – Қазақстан азаматтары. Қалғаны – шетел азаматтары. 

Air Astana әуе компаниясының сату және маркетиң жөніндегі вице-президенті Әділ Дәулетбектің айтуынша, олардың көпшілігі елге оралған қазақстандықтардың жақындары – басқа елдің азаматтығын алған жұбайлары мен балалары.

Ұшақта басқа елдердің азаматтығы бар жолаушылар болды. Бірақ шетелдіктердің көбісі – Қазақстан азаматтарының туыстары: жұбайлары, балалары және т.б. Біз Тель-Авив әуежайында бірде-бір Қазақстан азаматын қалдырған жоқпыз, — деді ол.