Елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі артып келеді

Биылғы тоғыз айда 11,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Министрдің айтуынша, биылғы тоғыз айда өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2%-ке өсті. Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Оның ішінде ең жоғарғы өсуді Алматы қаласы және Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстары көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 27,3%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40,8 және электр жабдықтарын жасаудың 30,6%-ке өсуі қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,3, химия өнеркәсібі – 1,5, металл бұйымдары – 4,2, сусындар өндірісі – 3,2, пластмасса бұйымдары – 6,8, жеңіл өнеркәсібі – 14,6%. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,4%-ке жоғарлады. Бұл ретте мұнай өндіру – 8,4, газ өндіру – 6,1, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 13,9%-ке өсті. Металл кендерін өндіру – 1,2, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 1,7, көмір өндіру 5,7%-ке төмендеді, — деді ол.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6%-ке ұлғайды. 19 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Абай және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды. Қаңтар-қыркүйекте 11,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,6%-ке жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында, сонымен қатар Ұлытау, Қызылорда және Абай облыстарында тіркелді.