Атырау мұнай өңдеу зауытындағы тексеру қарашаға дейін жалғасады

Атырау мұнай өңдеу зауытының негізгі қондырғыларына тексеру жүріп жатыр. Зауыттың қондырғылары қарашаның алғашқы онкүндігінде тұрақты жұмыс режиміне шығады.

Мұнай өңдеу зауытында жоспарлы тексеру жұмысы 1 қазанда басталды. Осыған байланысты негізгі қондырғылар жұмысы тоқтатылды.

Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған тексеру жұмыстары басталды. Бұл – қондырғылар жабдықтарының тұрақты жұмыс жағдайын сақтап, өндірістің тиімділігін арттыруға арналған жыл сайын іске асырылатын іс-шара. Тексеру жұмыстары кезінде технологиялық жабдықтар мен құбырларды техникалық куәландыру, диагностика және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасынан өткізу секілді іс-шаралар кешені жоспарланды. Аппараттарды бумен тазалау процесі жабық жүйеде жүргізіледі. Бұл бу мен көмірсутек қоспасының атмосфераға шығаруының алдын алады. Сұйықтыққа айналған бу қоспасы дренаджық жүйеге жіберіледі. Атырау қаласының экологиялық климатын жақсартуға мүдделі кәсіпорын ретінде «АМӨЗ» ЖШС зиянды заттардың атмосфераға таралуын мейлінше азайтуға қажетті барлық шараны қабылдайды. Тексеру жұмыстары жабдықтардың қауіпсіз және сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, жоспардан тыс тоқтатуларды азайтады, — деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.