Бүгін елімізде Ұстаздар күні аталып өтеді

Биыл алғаш рет Мұғалімдер күні мерекесі 5 қазанда мерекеленеді. Тиісті қаулыны ҚР үкіметі биыл 10 наурызда қабылдады.

Мемлекеттік мерекелер тізімі бойынша, осы уақытқа дейін республикада Мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.

Дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылғы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйтқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылғы 5 қазанда атап өтілді.

Қадірлі ұстаздар! Сіздерді төл мерекеміз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздегі миллиондаған жас өрен өздеріңізден тағылымды тәрбие, өнегелі білім алып, үлкен өмір жолына қадам басады. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, шыдамдылықтарыңыз бен адалдықтарыңыздың арқасында келешек ұрпақтың негізі қалыптасады. Тұлға дамуының бастауында тұрған, бойындағы білімін балаларға беріп, оларды еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, елжандылыққа, өз Отанына деген сүйіспеншілікке баулитын – сіздерсіздер. Құрметті әріптестер, бұл маңызды да күрмеуі қиын жолдағы шешуші рөл сіздерге ғана тиесілі, — деп құттықтады ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, еліміздің үздік мұғалімдері «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» республикалық кадр резервіне қабылдана алады. Ал ең мықтылары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

Министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Алғаш рет Республикалық педагогика қызметкерлердің ардагерлер кеңесі құрылды. Мұндай кеңестер елдің әр аймағында құрылады.