«Жас қыран» — Air Astana-ның балаларға жол жүру грантын беретін бағдарламасы

Air Astana әуе компаниясы Қазақстанның дарынды балаларын қолдауға арналған «Жас қыран» бағдарламасының алғашқы нәтижесін ұсынды. Бағдарлама бойынша, жеңімпазға жол жүру гранты беріледі. Жол жүру гранты — Air Astana компаниялар тобының маршрут желісі шеңберінде халықаралық бағыттар бойынша бір балаға және бір еріп жүретін адамға арналған эконом-кластың тегін барып-қайту әуе билеті.

Диана Тыныштық — Астанадағы №9 «Зерде» мектебінің 8-класс оқушысы. Өзі шахматты кәсіби түрде ойнайды.

Ол Прагада өткен 10-шы Халықаралық шахмат фестивалінде рейтиңін көтеріп, Халықаралық спорт шеберіне кандидат атағын алды. Диана бұл фестивальге әуе компаниясының жол жүру гранты арқылы барып қайтты.

Эйр Астана, Air Astana, Жас қыран
Диана Тыныштық. Фото: Air Astana

Өзім бес жасымнан бастап шахматты кәсіби түрде ойнаймын. «Жас қыран» жол жүру грантын осы мамыр айында жеңіп алдым. Тамыз айында Чехияның астанасы Прагадағы фестивальге аттандым. Бірден екі шахмат турниріне қатыстым. Нәтижесінде деңгейімді «Халықаралық спорт шеберіне кандидат» деген дәрежеге дейін көтердім.  Оған қоса Қазақстанның ТОП-20 мықты шахматшылары құрамына кірдім, — деді ол.

Диана фестивальге қатысып қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған шахматшылармен де танысқан. Сонымен қатар чех мәдениетін танып, елдің ғажайып архитектурасын көрген.

«Жас қыран» бағдарламасы шахматта өсуге, жаңа мәдениетті тануға мүмкіндік беріп қана қоймай, әрі қарай кәсіби дамуға ынталандырды, — деді ол.

«Жас қыран» бағдарламасының грантын Алматы қаласындағы №54 мектептің 11-класс оқушысы Матвей Рыбалкин да жеңіп алды. Ол Бейжіңде өткен робототехника бойынша халықаралық жарысқа барып, екінші орын алып қайтты.

Грант алғандардың қатарында Ақтөбе қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 11-класында оқитын Артур Ким де бар. Ол Ганноверге барып, 7-ші Еуропалық олимпиадада физикадан қола медаль жеңіп алды.

Эйр Астана, Air Astana, Жас қыран
Фото: Air Astana

Жыл соңына дейін тағы бірнеше оқушы жол жүру гранттарын жеңіп алды. Олар Ұлыбритания мен БАӘ-де халықаралық байқауларға қатысады. Соның бірі — Ақтөбедегі Назарбаев мектебінің 12-класс оқушысы Дарья Моторова.

Дарья 26-29 қазанда Абу-Дабиге барып, «БҰҰ үлгісі» байқауына қатысады. Ол ұзақ уақыт бойы нақты бір мамандыққа тоқтай алмай жүргенін айтты.

Бір жағы, ғылыми жұмыспен айналысып, жаңа нәрсені білгісі келеді. Екінші жағынан, шешендік өнерді, журналистиканы үйреніп жүріпті. Сөйтіп, екі жыл бұрын дипломат боламын деп шешкен. Өйткені бұл мамандық жоғарыдағы екі бағытты да біріктіреді.

Air Astana, Эйр Астана
Дарья Моторова. Фото: Air Astana

Содан кейін «БҰҰ үлгісі» деген байқау коференцияларына қатыса бастадым. Бұл БҰҰ-дағы бас офистерінде жұмыс істеуге қатты ұқсайды. Осылай, осы ұйымның толық бір делегаты болғым келеді. Кейінгі екі жылда бір де бір байқау конференциясынан жеңіліп көрмедім. Ылғи да жүлделі орын алып жүрмін. Бұл жолы байқауға «Жас қыранның» гранты арқылы барып келіп, тағы да жүлделі ораламын деп үміттенемін, — деді Дарья.

Ол бұл жолы БҰҰ-ның байқау конференциясында Қазақстанды таныстырып, елдегі проблемаларды шешетін ұсыныс айтады. Конференция қорытындысы бойынша істелген жұмыстарды БҰҰ ассамблясының өзі қарайды. Демек, жастардың ұсынысы шынымен де жүзеге асады.

«Жас қыран» бағдарламасының қазылар алқасы мүшесі, Жекеменшік білім ұйымдары республикалық қауымдастығының төрайымы Роза Садықованың айтуынша, өтінімдерді іріктеу қиынға түскен. Өйткені әр бала талант, бәрі де жанып тұр. Әр баланы қарастырғанда «осы балаға мүмкіндік берейік» деп ұйғарылған сәттер болған.

Air Astana, Жас Қыран
Роза Садықова. Фото: Air Astana

Бұл жоба әлеуметтік жағдайы төмендеу, әке-шешесі жоқ, таланты мен дарыны мықты балаларға арналған. Өтінім бергендерді іріктеген кезде балалардың қай бағыттағы байқауға баратынын бөліп-жармадық. Ынтасына, талантына мән бердік. Бүгінгі жеңімпаздарды жүзбе жүз көрген соң, қателеспегенімізге көзім жетіп отыр, — деді Роза Садықова.

«Жас қыран» — Air Astana компаниясының Қазақстанның дарынды балаларына арналған жол жүру гранты бағдарламасы. Компания жеке өтінімдер негізінде ай сайын бес жол жүру грантын ұсынады. Жол жүру гранты — Air Astana компаниялар тобының маршруттық желісі шеңберінде халықаралық бағыттар бойынша бір балаға және оған еріп жүретін бір адамға арналған эконом-кластың тегін барып-қайту әуе билеті.

Грантқа өтініш берушілер 7 жастан 17 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары болуы керек және жарысқа (конкурс, олимпиада және тағы басқа) ресми шақыруы болуға тиіс. Жобаға қатысу үшін сапардан кем дегенде екі ай бұрын бейнеөтініш жазып, өтінімді толтырып [email protected] электрон поштасына жіберу қажет.

«Жас қыран» бағдарламасы туралы мына жерден толық білуге болады.