1 қаңтардан бастап қазақстандықтар саусақ ізін тапсыруға міндеттеледі

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдегенде азаматтардан саусақ ізі алынады.

Бұл туралы Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаев брифиңгіде мәлімдеді.

Оның айтуынша, дактилоскопиялық тіркеуден 12 жасқа дейінгі балалардың өтпейді. 

Дактилоскопиялық тіркеу – саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу. Міндетті дактилоскопиялық тіркеу елімізде 2024 жылғы 1 қаңтардан басталады. 12 жасқа дейінгі балалардан басқа, ҚР барлық азаматтары және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуге жатады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар дактилоскопиялық тіркеуден ерікті негізде өтеді. Саусақ іздерін алу Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлікті, паспортты, шетелдіктің елде тұруға ықтиярхатты және азаматтығы жоқ адамның куәлікті ресімдеуі кезінде жүргізілетін болады, – деді спикер.

Оның айтуынша, бұл процедура азаматтардың шетелге шығуын жеңілдетіп, құжатты қолдан жасауға мүмкіндік бермейді. Ал жеке мәліметтер озық технологиялармен қорғалады.