Президент Қазақстан ұлттық құрамасының жеңісі туралы жазба жариялады

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан ұлттық құрамасының жеңісі туралы жазба жариялады.

Біздің ұлттық құраманың Солтүстік Ирландияның мықты командасымен алаңдағы кездесуін қызыға тамашаладым. Ойын өте қызық әрі тартысты өтті. Қазақ футболшылары қарсылас командаға төтеп беріп, 1:0 есебімен лайықты жеңіске қол жеткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы және олардың мыңдаған жанкүйерлері үшін қуаныштымын. Әсіресе «Астана жастары» мен басқа да ұйымдар еріктілерінің, сонымен қатар жекелеген азаматтардың, белсенділердің үлгі аларлық ісін айрықша атап өткім келеді. Олар ойыннан соң стадионда қалып, трибунадағы қоқысты жинап шықты. Футболшыларымызды және жастарымызды мақтан тұтамын, – деп жазды мемлекет басшысы.

Еске салайық, Қазақстан — Солтүстік Ирландия матчы кеше, елордадағы «Астана — Арена» стадионында өтті.

Ойынды мемлекет басшысы мен кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин трибунадан бірге тамашалады.

Тартысты кездесу қазақстандықтардың пайдасына 1:0 есебімен аяқталды. Жалғыз голды шабуылшы Максим Самородов соқты.