«Ауыл аманаты» аясында Бәйтеректе келелі бастамалар бар

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданының Дариян ауылдық округіндегі «Каверин» сүт өңдеу кешенін көріп, «Батыс сүт» ауыл шаруалық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты.

Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде 26 адам тұрақты, 1 500 бас аналық ірі қара малы бар 380-і маусымдық қатысушылар. Қуаттылығы – жылына 4 000 тонна.

Мемлекеттен өткен жылы 13,0 млн, биыл 3,0 млн теңге субсидия алған. Ал «Зеленов Сүт» АШӨК-і құрамында 65 адам, сауында 216 аналық ірі қара малы бар. Осы жылы «Maksat-DAT» ЖШС-мен 13 наурыздан келісім шарт жасалып, 200 бас ірі қара ала түсті тұқымға (черно пестрая) ұрықтандырылған. «Ауыл аманаты» жобасына кооперативтің сегіз мүшесі қатысады. Бағдарлама бойынша 25 бас қосылды.

«Ауыл аманаты» жобасының жарқын нәтижесі – Дариян ауылдық округі тұрғыны Максим Буштердің бақша құлпынайын өсіру ісі. Дәмі тіл үйіретін, тып-тығыз, алқызыл құлпынай өнімдерінің алғашқы түсімі бүгінде бақшадан тікелей «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік дүкендеріне жеткізіліп, келісі 3200 теңгеден сатылуда.

Кәсіпкер 1,5 жер алып, несиеге қолжеткізіп, жылыжай ашып, көшеттер мен тоңазытқыш сатып алған. Биыл жарты гектарына құлпынай, жартысына таңқурай отырғызып, 2 жерлесін жұмысқа тартуды жоспарлауда.

Әрі қарай облыс басшысы «Жеңіс», «Agro Service Jardem», «ABU» жеке қосалқы шаруашылықтарындағы бордақы мал өсіру жұмыстарын көріп, шаруа адамының заман көшіне ілесе отырып ата кәсіпті дамыту шеберлігіне риза болды.

Мысалы «Жеңіс» шаруа қожалығы жетекшісі Төлеген Еркештаевтың шаруашылығы ауылдан шеткері орналасқан. Қора-қопсының іші мұнтаздай тазалығынан бөлек, техника бөлшектерінен трактор құрастыру, темірден күнделікті тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтарды жасайтын өнертапқыштығы тағы бар. Аула ішінде жайқалып раушан гүлдері де өсіп тұр. Ал қамбада қысқа қажетті мал азығы үюлі жатыр.