Түркияда жол апатына түскен тағы бір қазақстандық қайтыс болды

Түркияда жол апатына түскен тағы бір отандасымыз қаза болды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Аланиядағы жол апатында Қазақстаннан демалуға барған бір отбасының екі мүшесі оқиға орнында қайтыс болған. Атыраулық журналист Арайлым Бақытжан мен оның екі жастағы қызы дәрігерлер келгенше қаза болды. Ал оның күйеуі Нұрболат Құрмашов жансақтау бөліміне түскен. Кеше ол есінен жимастан қайтыс болды. Олардың тоғыз жасар ұлы аман қалды.

Бүгін марқұмдардың сүйегі елге жеткізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін сыртқы істер министрлігі жол апатының мән-жайын жариялаған. Сол күні сафари-джипте 15 адам болған. Оған екі баласымен бірге қазақстандық ерлі-зайыпты да мінген. Олар 30 тамыз күні Аланияға демалуға барған. 4 қыркүйекте елге қайтуды жоспарлаған. Сафари-джип қатар келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Бәрі көліктен ұшып түскен. Ал полиция адамдардың қауіпсіздік белдігін тақпағанын айтып отыр. Бірақ министрлік өкілдері 15 адамның шағын сафари джипке қалай сыйғанын түсінбей отыр.