Басты бетЖаңалықтарТүркістан дәрігерлері...

Түркістан дәрігерлері 5 бүйрек ауыстыру отасын жасады

Түркістан облысының дәрігерлері жыл басынан бері 5 бүйрек ауыстыру отасын жасады. Оның екеуін жергілікті мамандар республикалық орталықтардың хирургтарының араласуынсыз сәтті жүзеге асырды.

Яғни, мұндай күрделі оталарды алдағы уақытта түркістандық хирургтар өздері жасайтын болады. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының штаттан тыс бас хирург-транспантологы, облыстық клиникалық ауруханасының басшысы Жанболат Ділдәбеков баспасөз мәслихатында айтты.

– Биыл Түркістан облысы әкімдігінің және Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен облыстық клиникалық аурухана Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығымен және Кардиология орталығымен келісімшартқа тұрды. Іс-тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілікті арттыру, жалпы медицинаны бірге дамыту бағытында екі жақты меморандумға қол қойылды. Осы екі республикалық деңгейдегі екі мекемемен жасалған келісім бойынша қазіргі таңда 20-дан астам дәрігеріміз тәжірибе алмасып, облыстық клиникалық ауруханада емдеудің жаңа технологиялық әдістерін енгізіп жатыр. Соның ішінде жыл басынан бері бүгінге дейін 5 бүйрек ауыстыру отасын сәтті жүзеге асырды. Бесеуі де туыстық трансплантация. Оның соңғы екеуін облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері өздері жасады. Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері тек қадағалау үшін шақырылды. Екі пациентіміздің де жағдай жақсы, гемодиализден ажыратылды, отбасыларына оралуға дайындалуда. Осындай күрделі оталар түркістандықтармен қатар біздің аурухананы таңдаған отандастарымызға да тегін жасалады. Бұл сапалы денсаулық сақтаудың, нәтижелі емнің қолжетімді бола түскенінің тағы бір айғағы, – дейді Түркістан облысының штаттан тыс бас хирург-транспантологы.

Жанболат Бердібайұлының айтуынша, облыстық клиникалық аурухананың мамандары аталған республикалық орталықта ғана емес, Оңтүстік Корея, Белорусия, Ресей мемлекеттерінің транплантациялауды жолға қойған медицинасы озық клиникаларында машықтанып, тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар, түркістандық дәрігерлер биыл бауыр ауыстыру отасын жасауды да жоспарлап отыр.