Қарағанды облысында құтқарушылар «Қазақстан» шахтасындағы тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр.
Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Қазіргі уақытта тау-кен құтқарушыларының негізгі күш-жігері Д-6 көмір конвейерінің еңісіндегі қалған өрт ошақтарын сөндіруге бағытталған. Жұмыстарға тау-кен құтқарушыларының екі бөлімшесі жұмылдырылған, — делінген хабарламада.
ТЖМ басшысымен өткен кеңесте «қатты түтін, көптеген өрт ошағы, үлкен тереңдіктегі қазбалардағы жоғары температура жағдайында жүргізілетін жұмыстардың төтенше қауіптілігі» аталып өтті.
Еске салайық, 17 тамызда сағат 10.05-те «Қазақстан» шахтасында конвейерлік лента өртенді. Төтенше жағдай кезінде жер астында 227 кенші болған, оның 222-сі жер бетіне шығарылды. Қалған бес шахтер қаза болды.
Зардап шекккен 11 кенші Қарағанды облысының ауруханаларына жатқызылды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов 19 тамызда «Қазақстан» шахтасына барды. Үкімет басшысы кеніштегі апатқа тікелей кәсіпорын иелері кінәлі екенін мәлімдеді.