БҚО-да «AGROFEST BATYS-2023» шарасы өтті

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына қарасты Сұлукөл ауылында «AGROFEST BATYS-2023» атты егінжай күніне арналған үлкен шара өтіп, оған өңір басшысы Нариман Төреғалиев арнайы барды. Ол өз облысымыздан және өзге өңірлерден келген шаруа адамдарына жылы лебізін арнады.

Халқымызда «Ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген жақсы сөз бар. Расында да, ұлтымыздың тамыры – ауыл. Елдің дамуының маңызды саласында қажырлы еңбек етіп, өңірдің дамуына өз үлестерін қосып жүрген шаруалардың айтары көп. Облысымыз аграрлы аймақ болғандықтан бұл саланы қолдау үшін жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қомақты қаражат бөлініп келеді. Биылдың өзінде аталған салаға 30 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын субсидиялауға 16 млрд. теңге қарастырылған. Ал бұл салаға тартылған инвестиция көлемі 8,5 млрд. теңгені құрап отыр. Біздің шақыруымызды құп алып, арнайы келген РФ Омбы, Самара, Саратов облыстарынан келген меймандарға, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына, елордадан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы түрлі компания өкілдеріне ризашылығымды білдіремін, – деді Нариман Төреғалиев.

Сонымен қатар, әкім саланы дамыту үшін жаңа технологияларды қолдану басты басымдық екенін айтты.

Кездесуде шетелдік алдыңғы қатарлы техникалар мен бірге ТМД елдерінде шығарылған техникалар көрсетіліп, мал азығын сапалы дайындау жолында ғылыми көзқарастарды қалай пайдалану керектігі сөз болды. Шарада жаңа ғылыми көзқарастарды қолдану арқылы эксперимент ретінде егілген дәнді дақыл түрлері көрсетілді. Негізгі мақсат — өңіріміздің климатына бейімделген, ғылыммен дәлелденген өнімділігі жоғары мал азығын шығару. Нәтижесінде ең сәтті шыққан дәнді дақыл түрлері жергілікті шаруаларға ұсынылатын болады.

Бір байқалғаны осы саланы игеруге жастардың қызығушылығы үлкен.

Заманауи технологияларды жетік меңгерген жастар үшін өзге өңірлерден, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген шаруалардың қатысуымен өткен осындай пікір алмасу алаңы өте қажет деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, біз ғылымды, жаңа технология мен озық тәжірибені қолдана отырып агроөнеркәсіп кешенін дамытуды көздеп отырмыз, — деді өңір басшысы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да