Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге өседі. Бұл туралы мәслихат сессиясында қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин айтты.
Тасымалдаушылардың шығыны артқанына қарамастан, Алматыда жол жүру құны 11 жылдан астам уақыт бойы өзгермеген. Ағымдағы тариф тасымалдаушылардың шығынын өтемейді. Себебі, жол жүрудің нақты құны бекітілгеннен үш есе қымбат. Осыған байланысты әкімдік ай сайын тасымалдаушылардың шығыстарын субсидия түрінде жауып келеді. 2020-2022 жылдары төленген субсидиялар сомасы 115,8 миллиард теңге болды. Инфляцияның, жанар-жағар май бағасының өсуі мен қосалқы бөлшектердің шығынын ескере отырып, төленетін субсидиялар сомасы жыл сайын 10-нан 30%-ке дейін ұлғаяды, — деді Асқар Әмрин.
Ол сонымен қатар жолаушылар үшін қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге артатынын мәлімдеді.
Қолма-қол ақшасыз төлеммен 100 теңге, қолма-қол төлеммен 200 теңге мөлшерінде жаңа тарифтерді қолдану – биылғы жылы субсидиялар сомасын шамамен 10 миллиард теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді. Оларды басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге болады, — деді Асқар Әмрин.
«Алматы көлік холдингі» ЖШС мәліметінше, жолаушылардың шамамен 97%-і жол жүру ақысын «Оңай» картасымен, оның ішінде «Оңай» қолданбасында QR-код немесе SMS-хабарлама арқылы төлейді. Жалпы, қоғамдық көлікті күніне 1,4 миллионға дейін адам пайдаланады.