Work and Travel бағдарламасына қалай қатысады?

Work and Travel, Уорк энд Трэвл, Америка, АҚШ
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Work and Travel USA бағдарламасы студенттерге АҚШ-та жұмыс істеп, саяхаттауға мүмкіндік береді. Онымен қоса студент жазғы демалыста шетел халқының мәдениетімен, тыныс-тіршілігімен танысып, ағылшын тілін жақсарта алады.
Мамыр айынан бастап бағдарламаға келер жылы қатысу үшін өтінім беруге болады. Бұл бағдарлама туралы ABC Universe компаниясының халықаралық үйлестірушісі Дамил Омаров айтып берді.

1. Work and Travel USA бағдарламасына қатысу процесі қалай өтеді?

Елімізде Work and Travel USA-мен айналысатын компаниялардың әрқайсында бағдарлама әрқалай жүзеге асуы мүмкін. Дегенмен жалпы процесс мынадай:

Студент АҚШ-қа жіберетін қазақстандық компанияның шарттарымен танысып, келісімшартқа отырады.

Бұл компанияның АҚШ-та осы бағдарламаға қатысатындарға арналған коммерциялық серіктесі болады. Міне, сол компания «студенттің демеушісі» деп аталады.

Демеуші компания студентке 100 000$-ға медициналық сақтандыру жасап береді. Жұмыс пен үй табуға жәрдемдеседі. Студент үй мен жұмысты өзі табуына да болады.

  • Студент бағдарламаға қатысуға өтінім беріп, құжат тапсырады.

Өтінімді мына сайттан береді.

  • Жұмыс орнын, штатты, қаланы таңдайды;
  • Жұмыс берушілермен, демеушілермен сұхбаттасуға дайындалады;

Олармен демеушінің платформасында немесе skype арқылы онлайн сұхбаттасады. Сұхбаттасу жыл сайын қазан айының соңы мен қараша айының басынан бастап өтеді.

  • Демеушімен келісімшартқа онлайн отырады.

Демеушінің платформасында студент жеке кабинет ашады немесе CV толтырады. Келісімшартта штат, қала, жұмыс орны, үйдің мекенжайы, жұмыс кестесі, жалақы мөлшері жазылып тұрады.

–  Виза алу үшін анкета толтырып, өтініш береді. Анкетаны АҚШ-тың мемлекеттік департамент сайтынан толтырады.

Студент демеушілердің сұхбатынан өтіп, бірақ визаның сұхбатынан өтпей қалса, ол Work and Travel USA-ға қатыса алмайды. Мұндай жағдайда қатысушы компанияға төлеген ақшасының белгілі бір бөлігін қайтарып алуына құқылы.

–  Виза алу үшін сұхбаттасатын мезгілді белгілеп, дайындалады.

– Сұхбаттан өтіп, виза алады.

– Ұшаққа билет сатып алып, АҚШ-қа баруға дайындалады.

2. Қандай құжаттар қажет?

  • төлқұжаттың көшірмесі;
  • туу туралы куәліктің көшірмесі;
  • ЖОО анықтамасының түпнұсқасы;
  • өткен семестрдегі бағалардың транскрипті;
  • 5×5 өлшеміндегі бір фотосурет (фон ақ).

Компанияға қарай құжат тізімі өзгеруі мүмкін. Кей жерде жоғарыдағы құжаттарға қоса мыналар да талап етілуі мүмкін:

  • жеке куәліктің көшірмесі;
  • студент билетінің көшірмесі;
  • ағылшын тілінде оқытушыдан немесе жұмыс берушіден ұсынысхат; медицина анықтамасы.

3. Work and Travel USA бағдарламасына кім қатыса алады?

Бұл бағдарламаға университеттің күндізгі бөлімінде 1, 2, 3-курс оқитын студенттер ғана қатыса алады. Соңғы курс студенттері қабылданбайды.

Оған  қоса адамның жасы оқып жүрген курспен сәйкес келуі керек. Мысалы, 21 жастағы 1-курс студенті бағдарламаға қатыса алмайды.

4. ЖОО-да оқымайтындар бағдарламаға қатыса ала ма?

Колледж студенттері, жұмыс істеп жүрген азаматтар Work and Travel-ге қатыса алмайды. Өйткені АҚШ-та  мигранттар көбеймес үшін бағдарламаға өз еліне оралып, оқуын жалғастыратын студенттер ғана қабылданады.

5. Бағдарламаға қатысатындарға қандай талап қойылады?

Ағылшын тілін білу деңгейі кем дегенде Intermediate деңгейінде болуы керек.

Студенттің ағылшын тілін қаншалық жақсы білетіні сұхбаттасу кезінде білінеді.

– Студент кәмелет жасқа толуы керек.

– Күндізгі бөлімде оқитын ЖОО студенті болуы қажет. Бітіруші курс студенттері қабылданбайды.

– Шетелге шығуы шектелмеген болуы қажет.

– Отбасының қаржы жағдайы нашар болмауы керек. Қаржылық қиындығы бар студент шетелге қызығып, АҚШ-та қалып кетпес үшін сұхбаттасу кезінде оның ата-анасы кім болып жұмыс істейтіні сұралады.

6. Бағдарламаға қай уақыт аралығында қатысуға болады?

Work and Travel USA бағдарламасына өтінім беру мерзімі әртүрлі.  Студенттер шамамен жыл сайын мамыр айында бағдарламаға келер жылы  қатысуға өтінім бере бастайды.

Мысалы, студент 2024 жылы АҚШ-қа барғысы келсе, бағдарламаға 2023 жылғы мамырдан бастап өтінім береді. Биыл өтінім беру уақыты - 2024 жылғы 13 наурызға дейін.

Дегенмен жыл сайын өтінім беретін уақыт қашан аяқталатынын АҚШ елшілігі белгілейді.

7. Бағдарламаға қатысуға қанша ақша кетеді?

Орташа есеппен бағдарламаға қатысуға 4000-5000$ ақша жұмсалады. Оның ішіне мынадай шығын кіреді:

  • консулдық жарна (виза) - 160$;
  • SEVIS АҚШ департаментінің мемлекеттік жарнасы - 35$;
  • барып-келу билеті - шамамен, 1100-1200$;
  • АҚШ-қа жіберетін Қазақстандағы компанияға төлейтін сома (әр компания өзі белгілейді);
  • АҚШ-тағы демеуші компанияға төлейтін сома.

Қазақстандағы компания мен демеуші компанияға төлейтін сома өтінім ашылған сәттен бастап 2000$-дан басталуы мүмкін. Ал өтінім аяқталуға жақын қалғанда 2800$-ға дейін өсуі мүмкін. Тіпті кейбір компания бұл кезде 4000$-ға дейінгі соманы сұрауы мүмкін.

Онымен қоса студент АҚШ-қа 1000$-ға жуық қаражат алып шығуы қажет. Өйткені бірінші жалақы екі аптадан кейін беріледі. Оған дейін тамақ ішуге, үй жалдауға, жүріп-тұруына қаражат керек.

8. Студент АҚШ-та қай жерде тұрады?

Қатысушылар көбіне жатақханада немесе бір топ адамға арналған үйде, пәтерде тұрады. Жалдау ақысын студент өзі төлейді. Студент бір отбасының үйінде де тұра алады.

Жалдау ақысы қаланың ірі-шағын екеніне, курорт қалаға жататын-жатпайтынына, мұхиттан қаншалық қашық екеніне байланысты. Мегаполисте тұру қымбатырақ.

Студент үйді өзі табуына болады немесе АҚШ-тағы демеуші компания тауып береді.

9. Work and Travel USA бағдарламасы қандай жұмыс орнын ұсынады?

Қызмет көрсету саласы:

  • мейрамханалар;
  • фудкорттар;
  • ұлттық саябақтар;
  • көңіл көтеретін саябақтар;
  • қонақүйлер.

Қауіпсіздік саласы:

  • бассейндегі, аквапарктегі құтқарушылар;
  • жағажайдағы құтқарушылар.

Бұл саладағы вакансиялар адамнан еңбек өтілі мен арнайы білік сұрамайды.

Түнгі ауысымдағы жұмыстар қарастырылмайды.

10. Work and Travel USA қатысушысының жалақысы қандай, еңбекақы қашан беріледі?

Орташа жалақы - сағатына 13-14$. 18-20$ төлейтін жұмыс орындары да бар. Жалақы екі аптада бір рет төленеді.

11. Work and Travel USA арқылы барғандар қанша уақыт жұмыс істейді?

Жұмыс істеу уақыты келісімшартқа байланысты. Бірақ келісімшартта жұмыстың ең аз мерзімі көрсетіледі. Жұмыс берушімен сұхбаттасып отырғанда студент қай уақытқа дейін жұмыс істейтіні бірден белгіленеді. Дегенмен студент АҚШ-тағы жұмысын кез келген уақытта тоқтатуға құқылы. Оны бір-екі апта бұрын жұмыс берушісіне ескертуі қажет.

Қазақстандық студент АҚШ-та 8 мамырдан 1 қазанға дейін бола алады. 8 мамырдан 1 қыркүйекке дейінгі уақыт - жұмыс істеуге берілетін мерзім. Ал 1 қыркүйектен бастап қатысушыға саяхаттауға 30 күн беріледі.

12. Cтудентті жұмыстан шығарып жіберсе, қандай шара қоланылады?

Студент демеуші компаниямен ылғи байланысып отыруы қажет. Жұмыстан шығып қалғанын да компанияға айтуы керек.

Студент екі апта ішінде басқа жұмыс таппаса, демеуші компания оған саяхаттауға 30 күн уақыт береді. Бұл мерзім өткен соң бағдарлама аяқталған болып саналып, студент еліне қайтады.

13. Студенттің АҚШ-тағы уақыты қазан айында бітеді. Бірақ елдегі оқуы қыркүйекте басталса, бұл проблема қалай шешіледі?

Бұл проблеманы студенттің өзі шешеді. Демеуші де, шетелге жіберген қазақстандық компания да көмектесе алмайды.

14. Студентке виза берілмесе, келесі жылы қатыса ала ма?

Студентке виза берілмесе, бағдарламаға сол жылы басқа қаладан тапсыруына болады. Мысалы, студент Алматыдағы АҚШ консулдығынан тапсырып, сұхбаттан өтпей қалды делік. Онда Астанадағы АҚШ елшілігіне барып тапсыра алады. Дегенмен мұндай жағдайда оның виза алатынына кепілдік берілмейді.

Сол жылы басқа елден де тапсыруына болады. Бір елдегі екі түрлі қаладан тапсырғаннан, басқа елге барып тапсырған дұрысырақ.

Студент келесі жылы да өтінім бере алады. Бірақ оның өмірінде қандай да бір жақсы өзгеріс болуы қажет. Қатысушы оқу үлгерімін жақсартса, бизнес ашса, отбасын құрса, виза алу мүмкіндігі артады.

15. Студент шетелде жүріп қылмыс жасаса, қандай шара қолданылады?

Кәмелетке толған азамат қай елде болса да, қылмысы үшін заң алдында  жауап береді. Шетелде құқық бұзған адам жаза өтей ме, өз еліне қайтарыла ма, бәрін сот шешеді.

Бірақ студент АҚШ-та заң бұзса, елшіліктен көмек сұрай алады.

Ал көші-қон ережелерін бұзса, елден қуылады. Бағдарламаға қатысушы көші-қон ережесін бұзбағаны дұрыс. Өйткені болашақта өзі немесе отбасы мүшесі АҚШ-та жұмыс істейтін болса, бұл әрекеті АҚШ-қа баруға кесірін тигізуі мүмкін.

Отбасы мүшесі АҚШ-қа визаға тапсыратын кезде ата-анасының, бауырларының виза тарихы тексеріледі.

16. Студент АҚШ-та ұзақ уақыт қалғысы келсе, не істеуі керек?

АҚШ-қа  Work and Travel USA арқылы барған студент шетелде заңды түрде белгіленген мерзімнен көп уақытқа қала алмайды. Студент өз елінде оқуын бітірмегені тағы бар.

Мерзімнен тыс жүрген шетелдік азамат АҚШ-тан бірден қуылады. АҚШ-та қалудың басқа амалдары бар. Мысалы, өз елінде бакалавриат бітіріп, АҚШ-та жұмыс істеуге немесе магистратураға түсуге болады.

17. Work and Travel USA қатысушыларына арналған лайфхактар

– Студент жұмыс тәжірибесі туралы демеушіге, болашақ жұмыс берушіге айтқаны жөн. Ал виза алуға сұхбаттасуға барғанда бұл ақпаратты жасырғаны дұрыс. Студент өзін білікті маман ретінде көрсетсе, оған виза берілмеуі мүмкін. Өйткені бағдарламаға жұмыс тәжірибесі жоқ студенттер қатысуы керек.

– Студент сұхбаттасқанда сұраққа неғұрлым толық, жан-жақты жауап берсе, виза алу мүмкіндігі соғұрлым артады.

– Work and Travel USA-ға өтінімді барынша ерте беру керек. Өйткені бағдарламаға қатысуға жәрдемдесетін Қазақстандағы компания мен АҚШ-тағы демеуші компанияның қызмет құны уақыт өткен сайын артады.

Ұшақ билетін виза алғаннан кейін сатып алған дұрыс. Өйткені виза берілмей қалса, билетті қайтару қиын болады. Виза алуға сұхбатқа барғанда барып-қайту билетін алған-алмағанын сұрамайды.