Алматы тауларында үш тәуліктен бері ер адам іздестіріліп жатыр. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
5 тамызда 39 жастағы турист жалғыз өзі Шымбұлақ — Талғар асуы (3 163 метр) — Богданович мұздығы (3 500 метр) — Абай шыңы (4 010 метр) бағыты бойынша көтерілмекші болған. Таныстарын ескертіп, сол күні кешкі 21.00-де қайтып келетінін айтқан, бірақ содан кейін байланысқа шықпаған.
Ер адамды іздеуге дереу ТЖД қызметкерлері, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен кинологиялық есептоптары, құтқару қызметтері мен «Доброспас» волонтерлері жіберілді. Құтқарушылар түні бойы тауда туристі іздеді. 6 тамызда таңертең ТЖД қызметкерлері іздестіруге ұшқышсыз ұшу аппараттарын қосты. ТЖМ Қазавиақұтқару авиаборты да ұшуға дайын болды. Бірақ таулы аймақтағы ауа райының нашарлауына және қатты жаңбырға байланысты ұшуға рұқсат берілмеді, — делінген хабарламада.
Іздеу-құтқару операциясына Альпинизм федерациясының қызметкерлері де қосылды. Бір тәулік ішінде ТЖМ және ерікті құтқару қызметтерінің қызметкерлері жоғалған туристің тау бағыты бойынша барлық іздеу аймақтарын: Чертово шатқалы, Қарлытау шыңы, Хрищатый шыңы, Талғар асуы, Абай шыңы, Богданович мұздығын барынша қамтыды. Іздеу жұмыстары түнде де тоқтаған жоқ.
ТЖМ құтқарушылары тауға жалғыз көтерілу және маршрутты өзгерту қауіпті екенін еске салады.
