Елімізде орташа айлық жалақы туралы мәлімет жаңарды

Қазақстанда орташа айлық жалақы туралы мәлімет жаңарды. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы хабарлады.

2023 жылдың II тоқсанында Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы 2022 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда 17,1%-ке өсіп, 365 502 теңге болды. Қазақстан Республикасындағы жалақының медианалық мәні 2023 жылғы II тоқсандағы бағалау бойынша 240 779 теңге болды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 70 000 теңге болып белгіленді, — делінген хабарламада.

Жалақының медианалық мәні — өсу немесе кему ретімен сұрыпталған деректер жинағындағы барлық жалақының ортасындағы жалақы деңгейі.

2022 жылғы осы тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі байқалған салалар:

  • ақпарат және байланыс – 36%,
  • көлік және қойма – 24,6%,
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 23,7%,
  • көтерме және бөлшек саудада сату; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу – 21,8%,
  • білім беруде орташа айлық жалақының өсуі — 10,2%,
  • денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 15,6%.

Бірақ нақты мәнде жалақы көлемі былтырғы екінші тоқсанмен салыстырғанда төмендеген салалар да бар:

  • құрылыс – 3,5 пайыз,
  • тұру және тамақтану қызметтерін көрсету – 2,6%,
  • білім беру – 4,8%,
  • сонымен қатар денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 0,1%.